Жыл басынан бері дәріханаларда дәрілік препараттарды рецептісіз бостақан кәсіп иелеріне 6 млн.300 мың теңге айыппұл салынды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Қазақстанда дәріханалар антибиотиктерді дәрігердің нұсқаулығынсыз сататын жағдайлар кездеседі. Денсаулық сақтау министрлігі антибиотиктердің сатылуын бақылауға алып, дәріхана иелеріне қандай да бір шара қолдана ма? Осы мәселені бақылауда ұстау үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?”- деп сұрады тілшіміз ОКҚ алаңында ведомство басшысынан.
Ажар Ғиният Қазақстанда дәрілік препараттарды рецептісіз босататын дәріханалар көп екенін айтып, ақпаратты растады.
“Рецептісіз сатқан дәрілер бойынша келіп түскен шағымдар бар. Тиісті комитет тексеріп ол дәріханаларға заң аясында айыппұл салынды. Егер қайтадан заңбұзушылық анықталатын болса, біздің лицензияны тартып алу құқығымыз да бар. Сондықтанда бұлардың барлығы жеке кәсіпкер болғандықтан, ал оларға мараторрий жарияланған болатын. Сол себепті біздің мемлекеттік органдар ол жерге кіре алмағандықтан біз тек қана халықтан түскен шағым бойыша жұмыс жасаймыз. Комитетке дер кезінде түскен шағым болса, дәріханалардың барлығы тексеріліп, әкімшілік жазаға тартылатын болады”,- деп жауап берді министр.
Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі нақты санын және айыппұл көлемін атап өтуін сұрады. Фармацевтикалық медициналық комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Қашқынбаева қанша әкімшілік жаза қолданғанын атап өтті.
“Қазіргі 9 айдың ішінде 65 әкімшілік шара қолданылып отыр. 6 млн 300 мың теңгеге айыппұл салынды. Бұл дәрілік заттарды рецептсіз бостақандар. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасады. Өйткені азаматтардың шағымдары бойынша және кәсіпкерлік кодекс бойынша біз тексеруді ұйымдастыра аламыз. Әзірге биыл лицензиясын тартып алу жағдайы болмады. Бір жылдың ішінде осындай шағыммен қайтадан қайталанатын жағдайда сол уақытта құқығымыз бар. Тек лицензияны 2 айға дейін тоқтату дерегі болды, бірақ лицензиясын тартып алу жағдайына дейін жетпеді”,- деді фармацевтикалық медициналық комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Қашқынбаева.
Комитет өкілінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 7400-ге жуық дәрілік препарат қоры бар. Оның 1738-і рецептісіз босатылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!