Kyzylorda-news.kz. «Қанда холестерин көбейіп кетіпті», «ағзада холестерин көп», «холестерині аз тамақ жеу керек» дегенді өмірде жиі естиміз. Көбімізде қанда холестерин көбейіп кеткенін өзіміз де байқамай қаламыз. Холестериннің көбейіп кеткенін дәрігерге қаралғанда не анализ тапсырғанда біліп жатамыз. Ендеше қанда холестерин көбейіп кеткенін білсек, қайтпек керек? Оны қалай азайтамыз?

Бұл сауалдарға А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиолог дәрігері Рашида Халимназарова жауап берді.

Дәрігердің айтуынша, холестерин көбейгенін сезген, білген адам ең алдымен абыржып, үрейге салынбағаны жөн.

«Холестерин деңгейі көтеріліп кеткен жағдайда, қант диабеті, артериалды қан қысымы сынды ауыр дерт болмаса, ең алдымен диета ұстаудан бастау керек. Майлы, қақталған тағамдардан, тәтті және қорытылуы тез көмірсу тағамдардан бас тартқан жөн. Бір айдан кейін қайта анализ тапсырып көріңіз. Егер холестерин деңгейі азайса, диетаны ары қарай жалғастыру керек. Ал егер азайғаны байқалмаса, онда дәрігерге қаралуға тура келеді. Өйткені қанда холестериннің көбейіп кетуі тегін емес. Қандай да бір қан тамыры мен жүрек ауруының бар екенін білдіреді. Басқа мүше мен ағзада да ауру табылуы ғажап емес», – деп түсіндіреді Рашида Халимназарова.

Халқымыз етті көп жейтіні белгілі. Кейде қандағы холестериннің көбейіп кетуіне ет себепші деп жатамыз. «Бұл пікір дұрыс па?» деген сауалға кардиолог бәрі еттің түріне байланысты деп жауап берді.

«Қойдың еті майлы келетіндіктен онда холестерин көп. Тауық пен үйректің еті де майлы. Ал сиыр еті мен балықтың етінде май аз, сондықтан холестерині да аз келеді», – деп түсіндірді маман.

Massaget.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!