Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТМККК мен МӘМС бойынша аурулар тізімін өзгертті, деп хабарлайды «Адырна«.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті құрамына енгізілетін аурулар:

  • Қант диабеті;
  • Балалар церебралды сал ауруы (БЦСА);
  • Дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары;
  • Ревматизм.

Бұған дейін бұл аурулар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қаржыландырылып келген.

Сонымен қатар, МӘМС жүйесінде динамикалық бақылауға жататын аурулар бойынша медициналық қызметтер тізіміне енген:

  • Артериялық гипертензия;
  • Ишемиялық жүрек ауруы және өзге жүрек аурулары;
  • Жүрек жеткіліксіздігі;
  • Аритмиялар, жүрекшелердің фибрилляциясы және дірілі;
  • Төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары;
  • Гломерулярлық аурулар;
  • Бүйрек аурулары;
  • Асқазан-ішек жүйесінің аурулары;
  • Қимыл-тірек жүйесі мен дәнекер тін аурулары;
  • Эндокриндік жүйе аурулары, зат алмасу және тамақтану бұзылыстары;
  • Зәр шығару-жыныс жүйесі аурулары;
  • Туа біткен ақаулар, деформациялар және хромосомалық бұзылыстар.

«Медициналық көмектің көлемі қысқармайды — тек қаржыландыру көзі өзгереді. Сақтандырылған барлық азаматтар бұрынғыдай тегін ем, кеңес және дәрі-дәрмек алады», делінген министрлік түсіндірмесінде.

Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар барлық аурулардың бастапқы диагностикасы ТМККК аясында азаматтың сақтандыру мәртебесіне қарамастан жүргізіледі. Бұған дейін бұл ереже тек АИТВ жұқтырғандар мен туберкулезбен ауыратындарға қатысты болған.

Министрлік пікірінше, бұл жаңалық ауруларды ерте анықтап, дер кезінде емдеуді бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекет бұрынғыдай балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектігі бар адамдар, жұмыссыздар және басқа да жеңілдікті топтар үшін барлық кепілдіктерді сақтап отыр. Барлығы — 11 миллионнан астам қазақстандық.

Олардың ішінде, балалар церебралды сал ауруы бар науқастар да бар — олар мемлекет есебінен сақтандырылған және тегін медициналық көмек алуды жалғастырады.

Бұған дейін министрлік әлеуметтік маңызы бар аурулардың жаңа тізімін бекіткен. Енді оған 11 ауру кіреді:

  • Туберкулез;
  • АИТВ;
  • Созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
  • Онкологиялық аурулар;
  • Психикалық және мінез-құлық бұзылыстары;
  • Жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай);
  • Сирек (орфандық) аурулар;
  • Жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
  • Орталық жүйке жүйесінің демиелинизирлеуші аурулары;
  • ·Эпилепсия;
  • Цереброваскулярлық аурулар (инсульттен кейінгі 1 жыл ішінде).

Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТМККК мен МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері жаңартылған форматта ұсынылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!