Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен бір топ дәрігер балалардың жаппай улануы орын алған Қарағанды облысына аттанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Ол жерге медициналық көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау министрлігінің жетекші мамандары жіберілді. Бұл ретте министрдің Қосшыға бұрын жоспарланған жұмыс сапары 2023 жылдың 2 тамызына шегерілді», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Республиканың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, алғашқы тергеу оқиғаның тамақтан улануға еш қатысы жоқ екенін көрсетті.
«Өте аз уақыт өтті. 12 баланың біреуі өкінішке қарай қайтыс болды. Алтауы реанимацияда жатыр. Бес баланың жағдайы орташа ауыр. Олардың барлығы – жасөспірім. Себебін анықтау үшін уақыт қажет. Бірақ Алғашқы тексеру мұның тамақтан улануға еш қатысы жоқ екенін көрсетті. Балалардың жағдайының ауырлығын ескеріп, бүгін денсаулық сақтау министрі оқиға орнына аттанды», – деді бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова.
Еске салайық, Қарағанды облысында арнайы орталықтан 12 бала уланып ауруханаға түскен. Бір бала медициналық мекемеде қайтыс болды, тағы алтауы жансақтау бөліміне жатқызылды.
Жаппай улану кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тіркелді. 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезіне бастаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!