Фото: 24.kz

Әлеуметтік желіде жедел жәрдем жүргізушісін әлдекім соққыға жыққан сәт түсірілген видео тарады. Оқиға Қарағандыда болғаны анықталды. Министр Ажар Ғиният жәбірленушінің денсаулығына зақым келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ 24.KZ арнасына сілтеме жасап. 

Арна мәліметінше, жергілікті полиция қызметкерлері жүргізушіні ұрған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғады. Жедел жәрдем бригадасы түнгі сағат он екі шамасында шақырту бойынша тұрғын үй аумағына келген. Сол сәтте әлдекім жүргізушіге көлікті тұраққа дұрыс қоймағанын айтып шүйлігіпті. Кейін аяусыз ұрып-соққан. Салдарынан жүргізуші бас-ми жарақатын алған. 

Төреғали Берікқалиұлы, жедел жәрдем жүргізушісі: – «Сен маған жол бермей тұрсың» дейді. Мен айтамын, «сен жаяу келе жатсың ғой» деп. Ол тыңдаған да жоқ. Алды да ұрып-ұрып, кетіп қалды. Мен ана жерде не істерімді білмей қалдым. Машинаға келіп отырдым. Оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеме жасап, «жедел-жәрдем қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық қатаң айыпталуы тиіс»,- деді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі: – Жедел жәрдем жүргізушісі Мақажанов атындағы облыстық аурухананың неврология бөлімшесіне мидың шайқалуы, мұрын сүйегінің сынуы, қабырғаның жабық сынуы, көздің гематомасы диагнозымен емдеуге жатқызылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының полиция департаментімен бірлесіп уақытылы әрекет етуінің арқасында шабуылдаушы азаматтың жеке басы анықталды. Менің ойымша, медицина қызметкерлеріне, әсіресе жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты мұндай зорлық-зомбылық әрекеттеріне мүлдем жол берілмейді және құқық қорғау органдарының деңгейінде де, қоғамда да қатаң айыпталуы тиіс.

Полицейлер тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ал депутаттар медицина саласы қызметкерлерінің құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңды күшейту қажет екенін айтады.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Біз заңды қатайтуымыз керек шығар. Осындайға жол беретін адамдарға қылмыстық жазаны өте қатайту керек деп есептеймін. Себебі мұндай белең алып бара жатыр. Өткенде де бірнеше адам аурухананың ішіне кіріп, реанимациядағы дәрігерлерді ұрып, тіпті оларды ауыр жағдайға алып келді. Айта кетейік, соңғы үш жыл ішінде Қарағанды облысының өзінде медициналық мекеме қызметкерлерін ұрып-соғу дерегі 8 рет тіркелген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!