Фото: mag.103.kz

Қостанайда қаза тапқан 7 жастағы қыздың ата-анасы  баласының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы TobolInfo сайтына сілтеме жасап.

Бір ай бойы респираторлық аурумен емделген қыздың ата-анасы №3 емхананың, жедел жәрдем мен облыстық балалар ауруханасының дәрігерлерін кінәлауда.

Анасының айтуынша, 28 ақпанда баласының жөтелі басталған. №3 емханада оған антибиотиктер мен сироптар тағайындалған. 7 наурызда дәрігер еңбекке жарамсыздық парағын жауып, мектепке баруға рұқсат берген.

Алайда бірнеше күннен кейін жағдайы нашарлап, отбасы қайта емханаға жүгінген. Бұл жолы «ангина» деген диагноз қойылып, симптоматикалық ем тағайындалған.

«Бізге үнемі ‘қызыңызда жай ғана ангина’ деп, тек тамағын шайыңдар деді. 14 наурыз күні Ткачук деген дәрігерге бардық. Сол кезде өзіміз антибиотикті ауыстыруды сұрадық. Ол келісіп, дәріні ауыстырды, бірақ қызымның қызуы түспеді», – дейді анасы.

Қайта жүгінгеннен кейін қыз бала ауруханаға жатқызылып, «Цефазолин» препараты тағайындалған. Бірақ анасының айтуынша, температура төмендемеген, ал дәрігерлер тарапынан дер кезінде әрекет жасалмаған.

Тек ақылы палатаға ауысқаннан кейін ғана «пневмония» диагнозы қойылып, 18 наурыз күні науқас жансақтау бөліміне ауыстырылған.

«18 наурызда сағат 16:00-де жұбайым ауруханаға барып, қызымыздың жағдайын сұрағанда ‘бәрі жақсы’ деп жауап берген. Бірақ 18-інен 19-ына қараған түні қызым қайтыс болды», – дейді әкесі.

Ата-анасы бұл жағдайға байланысты полицияға арыз жазды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!