Медицина қанша дамыды десек те, адамзат баласы ауыздықтай алмай отырған дерттің бірі – қатерлі ісік. Қылшылдаған жасқа да, қартайған кәріге де қарамайтын онкологиялық аурудың 250-ден астам түрі бар деседі. Құлан таза айығуды армандаған адамның күдігі күшейгенімен, үміті үзілмейтіні белгілі.

Осы орайда білікті дәрігер, онколог Дүйсен Ойнаров онкологиялық ауру ерте сатысында анықталса 100% емделетінін айтып, туындау себептері мен алдын алу шараларына тоқталды.

Қатерлі ісікті 100% емдеуге мүмкіндік бар

– Онкология – жаңа технология мен күрделі әдіс-тәсілдерді ұштастырған медицинаның басты бөлігі. Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды?

– Негізгі мамандығым – хирург. Бірақ онкология саласына келуіме осы аурудың халық арасында кең таралып, “жасаруы” себеп болды. Бұл дерт бұрын 30-40 жастан жоғары адамдарда кездессе, қазір 18-20 жастағы пациенттерімізден де белгілері байқалуда. Сондықтан зерттеп, емдеу жолдарын іздестіру мақсатында осы саланы таңдап, 30 жылдан бері онкологияда қызмет етіп келемін.

– Дүниежүзінде қатерлі ісік өлім-жітім дерегі бойынша екінші орында тұр. Қатерлі ісік қалай пайда болуы мүмкін? Адамдар көбіне қай түрімен ауырады?

– Аурудың пайда болуына бір емес, бірнеше фактор әсер етеді. Көбі қатерлі ісік әбден асқынып, метастаз бергенде, яғни басқа ағзаларға таралып, әсер ете бастағанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Жұртшылық бұл ауру тамақтанудың дұрыс еместігінен туындайды деседі. Дегенмен дәрігер ретінде басты себептің бірі Coca-Cola мен Gorilla секілді энергетикалық сусындарды тұтыну салдарынан деп ойлаймын. Бұрын сүт, айран, шұбатты күнделікті ішетін халық қазір ағарғанға аса мән бермейді. Мұнан кейін қатерлі ісік ішімдік ішіп, шылым шегетін адамдарда жылдам дамиды.

Онкология – сездірмей келетін ауру. Ең қиыны да – сол. Еш жерің ауырып сырқамайды. Тамырлап, денеге дендеп енгеннен кейін ғана белгі береді.

Қызылорда облысында өңеш, асқазан-ішек жолдары ісігімен ауыратындардың қатары көп. Омырау безінің ісігі де жасқа қарап жатқан жоқ. Оны да ерте сатысында анықтаудамыз.

– Бірнеше жыл бұрын қатерлі ісікті ерте сатысында анықтайтын заманауи позитронды-эмиссионды томография (ПЭТ) аппараты Қазақстанның бірнеше қаласында ғана бар еді. Қызылордаға бұл құрылғы келді ме?

– Онкологияны ерте анықтауға арналған бұл аппарат Қызылордаға қашан келетіні белгісіз. Шаштан тырнаққа дейін томографияға түсіретін мұндай құрылғы қазір Алматы және Астана қалаларында ғана бар. Тегін де түсіреді, ақылы көрінсеңіз, бағасы сәл қымбаттау. Экологиялық аймақ болғандықтан Қызылордаға келіп қалуы да мүмкін.

– Халық арасында «бұл дерт емделмейді» деген көзқарас басым. Онкологиялық аурудан жазылған адамдар бар ма?

– Онкологияны ерте сатысында анықтау жақсы белгі. Бұл орайда он жеті облыстың ішінде Қызылорда өңірі алдыңғы орында. Қатерлі ісік ерте сатысында анықталса, 100 процент жазылады. Омырау безі, сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігімен ауырған науқастарды емдеу мүмкіндігі жоғары. Әсіресе, Қызылорда облысында. Сыр өңірінде онкологиялық ауруларды зерттеу, диагностикалау деңгейі айтарлықтай жоғары, химиотерапиямен, сәулемен емдейтін, ота жасайтын білікті хирург-онколог дәрігерлермен қатар, сапалы медициналық құрал-жабдықтар да жеткілікті.

Біз өзіміз ауруды асқындырып апарамыз ғой. Бұрын қылтамақ, асқазан ауруының емі жоқ деп білетін. Қазір қай ауруды болсын сәулемен, химиялық жолмен не ота арқылы емдеуге мүмкіндік бар.

Ертеде бұл аурудың атын естісе, уайымдайтын халық қазір онкологиялық аурудың бар-жоғын анықтап, көрінуден қашпайды. Себебі медициналық тексерулер ақысыз, облыста МРТ, КТ, УЗИ түрлері, эндоскопия сынды аппараттардың барлығы тұрғындарға тегін.

Бүгінде қатерлі ісікті ерте сатыда анықтау үшін тұрғындарды медициналық профилактикалық тексеруден өтуге ынталандырамыз. Жұртшылыққа бұл ауру нақты тексерістерден кейін ғана анықталатынын, емді ерте бастау, жақсы нәтижеге алып келетінін жиі айтамыз.

Халық арасында ісіктің белгісі байқалса, емшілерге көрінетіндер де аз емес. Онкологияға халық емі көмектесе алмайды. Оған сенудің қажеті жоқ. Қатерлі ісікті емдеуге медицина ғана қауқарлы.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!