Қазалы ауданында ауыл тұрғындары тіпті қансорғыш жәндік жабысқан малдарының арам өліп жатқанын айтады, деп хабарлайды Экспресс К.

Бозкөл ауылының Самат есімді тұрғыны биыл осы бір жәндіктер тым көбейіп кетті дейді. Тіпті кене жабысқан малдары өздігінен жүре алмай қалғанын айтады. Сөйтсе де, кенені улауға мамандар шарасыз отыр деп ашулы тұрғын.

«Жайылымда жүрген жылқылар өліп жатыр. Өткенде ветеринарияның қызметкерлері келіп, кенені улауға өздерің ақша шығарыңдар дейді. Бізде ғана емес, басқа ауылдарда да кене жабысқан малдар қырылып жатыр. Бізге кім көмек береді? »— дейді Бозкөл ауылының тұрғыны.

Ал ауыл әкімі төрт түліктен әзірге улы кене табылмады дейді. Сондай-ақ бұл мәселеге байланысты санитарлық эпидемиялогиялық қадағалау мекемесінің мамандары тексеру жұмыстарын бастағанын жеткізді.

«Малдардың неден өліп жатқаны әзірге белгісіз. Ол басқа бір ауру түрі болуы да мүмкін. Бірақ кененің көбейіп кеткені рас. Біз қазір осы жәндікті жоюға даярланып жатырмыз», – деді ауыл әкімі Ақылбек Бөлебай.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!