Қазалы ауданының ерікті жастары қолдарына орақ алып, қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалар үшін шөп оруды бастады. Осылайша қасиетті өңірдің жалынды жастары құр сөзден нақты іске көшті.
Аудан орталығына жақын жердегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС егістік басында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шөп ору акциясына еріктілер мен Жалаңтөс батыр ауылының жастары атыз басындағы көк майса пішенді орып, ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Акцияда аудандық «Қазалы» газетінің редакторы Есет Табынбаев та қолына орақ алып, өз үлесін қосты.
Облыс аумағында басталған «Жастар жәрдем» акциясына өз үлесін қосып жатқан жастарға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арымасын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұнан соң аудан басшысы қолына орақ алып, аз ғана уақыттың ішінде бірнеше бау пішенді орып тастады.
Мұнан соң аудан басшысы жастар арасында пішен орудан сайыс ұйымдастыру жөнінде бастама көтерді.
– Мұндай шара бір жағынан ауыл жастарын ортақ іске жұмылдыру болса, екінші жағынан қайырымдылық көмек ретінде қарастыруға болады. Сайыс кезінде орылған пішенді ауылдардағы шөп сатып алуға мүмкіндігі жоқ тұрғындарға тегін таратуға болады. Себебі әр ауылдан келген командалар кемінде 100-200 бау пішен орады. Сайысқа қала мен кент және барлық ауылдық округтен командалар қатысуы қажет, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Қысылтаяң шақта жастарды игілікті іске жұмылдырған аудандық жастар ресурстық орталығының аға кеңесшісі, «Жас Отан» жастар қанатының Қазалы аудандық бөлімшесінің төрағасы Нұрбек Ақпанбетов бұл шараның бір күндік еместігін айтты. Дәл осындай жұмыстар жастардың қолдауымен бірнеше ауылдық округтерде жалғасын табатын болады.
Сонымен қатар, Нұрбек Ақпанбетов алдағы уақытта әр ауылдан жұмыссыз жастардың еңбек бригадасы жасақталатынын жеткізді.
– Біз бүгіннен бастап аудандағы жұмыссыз жастардан еңбек бригадасын жасақтауды бастаймыз. Олар «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның егістік алқабынан пішен орып, тұрғындарға төмен бағада сататын болады. Серіктестік басшылығы бұл ұсынысымызды қабыл алып, өздерінің келісімін беріп отыр. Осындай жұмысты үйлестіруге атсалысқан барлық басшыларға алғыс айтамыз, – деген ол ауданның барлық жастарын берекелі бастамаға қолдау көрсетуге шақырды.
Айта кетейік, елімізде орын алған қуаңшылықтың зардабын Қазалы ауданының шаруалары да тартып отыр. Қазіргі таңда су тапшылығы мен қуаңшылыққа байланысты шаруаларға жем-шөп дайындау қиынға соғуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!