Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов еліміздің дәрі-дәрмектерге арналған қағаз рецептерден бас тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, 18 қарашадан бастап Қазақстанда бірнеше ақпараттық жүйелерді интеграциялау процесі басталады. Соның арқасында ведомство дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесін ашық етуді және қағаз рецептілерге тыйым салуды жоспарлап отыр.
«Бүгінде шыны керек интеграция жоқ. Сол себептен амбулаториялық-дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде, яғни тегін рецепттер шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ашық көрсетуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Сондай-ақ, вице-министр қазақстандықтарға дәріханаға қағаз рецептер әкелу қажет болмайтынын нақтылады.
«Мен өз баяндамамда әлеуметтік әмиян туралы айттым. Мемлекет басшысының бастамасымен әлеуметтік әмиянды енгізу тапсырылды. Осының аясында QR-код арқылы 470 мың рецепт берілді. Бұл тек алғашқы қадам», – деп қосты ол.
Ербол Оспанов болашақта динамикалық бақылауда болатын және тегін рецепт алатын пациенттерге де жаңа рецепт алу үшін дәрігерге барудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
«Дәрігер рецептті қашықтан ұзарта алады. Бұл eGov-та пациенттің жеке кабинетінде, әлеуметтік әмиянда көрсетіледі, хабарлама келеді. Науқас жай дәріханаға барып сол дәрілерін ала алады. Біз мұны жыл соңында әлеуметтік әмиянды жасаушылармен бірлесіп аяқтаймыз», – деп қорытты ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!