Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанда дәрілердің айтарлықтай тапшылығы болмайды деп сендірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Қазақстан біржақты тәртіппен Украинаның фармацевтикалық зауыттарымен келісімшартты бұзып, жаңа келісімшарт іздейтінін хабарлаған болатын. Қазақстан Украинадан сатып алған 25 түрлі дәрі-дәрмектің 10-ы емханалар үшін, қалғаны стационарлар үшін қолданылған. 

«10 түрлі дәріні емханаларға сатып аламыз. Қалғанының бәрі стационарларға арналған. Қазір ол дәрілерді ұқсас дәрілермен алмастыру мәселесін қарап жатырмыз. Олар кейбір дәрілердің 40-70 пайызын жеткізіп үлгерген еді. Сондықтан, маусым айына дейін дәрі болады. Екі айдың ішінде қажетті дәріні басқалардан сатып аламыз», – деді министр.

«Қазір айтарлықтай дәрі тапшылығы жоқ. Доллар түсіп жатыр, логистика жұмыс істейді. Менің айтқанымнан басқалары екі аптаға, бір айға кешіктіріліп әкелінеді. Бірақ жеткізіледі. Украиналық дәрі жеткізушілердің орнына кімнің келетінін конкурс, тендер көрсетеді. Маусым айына дейін ол мәлім болады», – деді Ажар Ғиният Мәжіліс кулуарында.

Екі ай ішінде министрлік басқа жеткізушілерден қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға ниетті. Басқа елдермен жаңа жеткізілімдер бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Ажар Ғиният оларды конкурс арқылы анықталатынын айтты. 

Сонымен қатар, министр ведомство МӘМС және КТМКТ аясында сатып алынатын дәрі-дәрмектердің шекті бағаларын индекстеуге ниетті екенін атап өтті. Бұл баға айырмашылығына және дәрілердің 30%-ы Қазақстанға шетелден әкелінетіндігіне байланысты көрінеді. 

«Дәріхана» препараттарына қатысты мәселе әлі қарастырылмайды», – деді министр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!