Еліміз бойынша аудандар арасында алғаш рет Қызылорда облысының Қазалы аудандық көп бейінді орталық ауруханасында жоғары мамандырылған, аз инвазивті аритмологиялық оталар жасала бастады. Бұл инфаркт, инсульт және басқа да жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектеседі. Барлық ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізілді.
Алғашқы пациенттердің бірі – Әйтеке би кентінің тұрғыны 67 жастағы Кеңес Жалмағамбетов. Ол бес жылдан бері жүрек ырғағының бұзылуы бойынша бақылауда тұрған. Пациентке жүрек ырғағын реттейтін шағын құрылғы, яғни электрокардиостимулятор сәтті орнатылды. Отадан кейін жүрек соғысы қалпына келді.
– Жүрегім ауырып, қан қысымым көтеріліп, тынысым тарылып, жүрегім дүрсілдеп тұрды. Электрокардиостимулятор орнатылғалы өзімді жақсы сезінемін. Дәрігерлерге мың алғыс! – деді Кеңес Жалмағамбетов.
Дәл осындай ота Өркендеу ауылдық округінің 65 жастағы тұрғыны Үрзада Әбдімәликқызына да жасалды. Ол облыс орталығына медициналық көмекке жүгінуді жоспарлаған, алайда қажетті көмекті өз ауданында алды.
– Бір ай бұрын ЭКГ жүрек соғысының әлсіз екенін көрсетті. Облыс орталығында холтерлік бақылаудан өттім. Кеше дәрігерлер электрокардиостимулятор орнатты. Тез сауығып кеттім, тыныс алуым жеңілдеді. Дәрігерлерге рахмет, – деді емделуші.
Оталарды жүргізу үшін Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық ауруханасының интервенциялық аритмолог дәрігері Канат Алдабергенұлы және облыстың штаттан тыс аритмологы Нұрболат Лепесов шақырылды. Мамандар ангиограф аппаратының көмегімен электрокардиостимуляторды имплантациялау, радиожиілік абляциясы және өкпе қан тамырларына криоабляциясы сияқты 7 ота жасады.
– Бұл оталардың барлығы МӘМС жүйесі бойынша жүзеге асырылады. Мысалы, радиожиілікті абляцияның құны шамамен 7 млн теңге, бірақ сақтандырылған пациенттер үшін тегін. Аз инвазивті бұл ота кезінде жоғары жиілікті ток аритмия тудыратын жүрек бұлшықетінің ошақтарын бұзады. Пациент есінде қалады және бірнеше сағаттан кейін жүре алады, – деп түсіндірді аритмолог Қанат Алдабергенұлы.
Қазалы аудандық көп бейінді орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Кенесары Баспаевтың айтуынша, енді мұндай оталар тұрақты түрде жүргізіледі.
– Бұл, әсіресе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттер үшін аса маңызды. Әр минут қымбат. Хирургиялық емнен кейін инсульт пен инфаркт қаупі айтарлықтай төмендейді, жүрек ырғағы қалыпқа келеді, – деді дәрігер.
Жыл басынан бері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан Қазалы аудандық көп бейінді орталық ауруханасына шамамен 7,6 млрд теңге бөлінді.
Айгүл Аханова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!