Қазақстанда жыл соңына дейін емханалардағы педиатриялық учаскелер кезең-кезеңімен қысқартылып, балалар ата-анасымен бірге жалпы практика дәрігерлеріне тіркелуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюроға” сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерісті отбасына бағытталған тәсілмен түсіндіріп отыр. Ведомствоның мәліметінше, жалпы практика дәрігері бүкіл отбасының денсаулығын қатар бақылағандықтан, қауіп-қатерлер мен аурудың себептерін жан-жақты бағалай алады. Сонымен қатар балалар дәрігерлері емханалардағы кабинеттер мен ерте даму орталықтарында жұмысын жалғастыра береді.
Алайда сарапшылар бұл шешімнің басты себебі кадр тапшылығы болуы мүмкін екенін айтады. Олар жалпы практика дәрігерлерінің педиатрия бойынша дайындығы жеткіліксіз болса, балалар сапалы медициналық көмексіз қалу қаупі бар деп санайды.
“Учаскелік жалпы практика дәрігері тұтас отбасының тарихын, анамнезін білуі, осы өзара байланыстардың бәрін түсінуі және соған сүйеніп кешенді қорытынды жасай алуы керек. Шынын айтсам, мен бұған әлі де толық сене қоймаймын. Денсаулық сақтау жүйесінде 15 жыл жұмыс істеп келемін, бірақ әлі күнге дейін мамандар мұның қаншалықты тиімді екені, жалпы қаншалықты іске асатыны жөнінде ортақ пікірге келген жоқ”, – дейді Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жөніндегі сарапты Әли Нұрғожаев.
Кейбір сарапшылар жалпы практика дәрігерлерінде қажетті құзырет жетіспейтінін, салдарынан балалар толыққанды медициналық көмексіз қалуы мүмкін екенін айтады. Бұған қоса, кішкентай қазақстандықтар арасында педиатриялық көмектің өзінде де түрлі тапшылық күйлері жиі анықталып жатады. Мамандар педиатриялық қызметтің әлсіреуі балалар арасында созылмалы аурулардың көбеюіне әсер етуі мүмкін екенін де ескертті.
“Кейінгі 20 жылда медициналық жоғары оқу орындарын бітірген түлектер балалардан оттан бетер қорқады десем болады. Шынында да, олар балаға қай жағынан келуді, қалай қарауды, қалай аударып-төңкеріп тексеруді білмейді. Ең алдымен, медициналық білім беру жүйесін және дипломнан кейінгі даярлықты күшейту керек. Бірінші кезекте жалпы практика дәрігерлерінің бәрі педиатр болуы тиіс. Бәрі педиатр деңгейінде дайындалсын, содан кейін ғана қысқартамыз десін”, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Қайырғали Көнеев.
Айта кетейік, педиатриялық учаскелер саны қазірдің өзінде азайып келеді. Былтыр олардың саны 1770 болса, бүгінде шамамен 1400-ге дейін қысқарған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
