Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы біршама ұзарып, салауатты өмір салтын ұстанатындар қатары көбейген. BAQ.KZ тілшісі осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады.
Ресми хатта «Бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулық жағдайы «дені сау ұлт» ұғымына қаншалықты сәйкеседі?» деген сауал қойылды.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, елімізде өмір сүру ұзақтығы артып келеді: 2023 жылы бұл көрсеткіш 75,09 жас болса, 2024 жылы 75,44 жасқа жетті.
Біздің қызметіміз ең күрделі және маңызды міндеттердің бірін – қолжетімді, сапалы, тиімді және қауіпсіз медициналық көмекті қамтамасыз етуге бағытталған. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 378 мыңнан астам адам, оның ішінде 271 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етуде. Денсаулық сақтау жүйесі қызметінің қорытындысы – өмір сүру ұзақтығының 2023 жылғы 75,09 жастан 2024 жылы 75,44 жасқа дейін өсуі болып саналады, – делінген ведомствоның жауабында.
Биылғы деректерге сәйкес, стационарларда шамамен 1,4 млн адамға көмек көрсетілген. 445 мыңнан астам операция жасалып, оның ішінде 8,4 мыңға жуық жоғары технологиялық араласу жүргізілді.
80 мыңнан астам пациент күндізгі және тәулік бойы стационар жағдайында оңалту емінен өтті және амбулаториялық-емханалық жағдайда ересектер мен балаларды оңалту бойынша 3 млн-нан астам қызмет алынды. 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы өлім-жітім бойынша оң динамика байқалады, ол 4,2%-ға төмендеді, – деді ведомстводан.
Министрлік қоғамдық денсаулықты нығайту мақсатында темекі шегуге, алкоголь тұтынуға қарсы шараларды күшейтіп, қант, тұз және майы көп тағамдарды шектеп, мінез-құлық факторларының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты.
Жыл сайын халықтың өмір салтын бағалайтын арнайы зерттеу жүргізіледі. 2023 жылы қазақстандықтардың 34,2%-ы салауатты өмір салтын ұстанатыны анықталды. Бұл көрсеткіш 2022 жылы – 31,4%, 2021 жылы – 23,2% болған. Яғни соңғы жылдары азаматтардың денсаулыққа деген жауапкершілігі артып келе жатқаны байқалады, – деді қазақстандықтардың денсаулығына жауапты ведомство.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!