Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Қазақстанда медицина мамандарының тапшылығы бар екенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сауал жолдады.
«Қолдағы бар мәліметтерге сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде дәрігерлер тапшылығы – 3 954 маман. Сонымен қатар, орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 4 505 адам деңгейінде қалып отыр», – деді ол.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елдің денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 275 мың медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 83 мыңнан астамы – дәрігерлер, ал 191 мыңға жуығы – орта медицина қызметкерлері.
«Осыған қарамастан кадрлық дисбаланс сақталып отыр. Терапевтердің, жалпы практика дәрігерлерінің, педиатрлардың, акушер-гинекологтардың, хирургтер мен анестезиолог-реаниматологтардың тапшылығы анағұрлым сезіледі. Мәселен Қостанай облысында 2025 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша кадр тапшылығы – 326 маман. Дәл осындай мәселелер Ақмола, Жамбыл, Түркістан облыстарында кездеседі», – деді депутат.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!