Фото: Официальный аккаунт Корпоративный фонд «University Medical Center» в Facebook
Sputnik. Қазақстандық дәрігерлер алғаш рет ұрықтың патологиясы мен даму ақауларын түзету арқылы ұрыққа операция жасай бастады, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Ұрыққа операциялар болашақ баланың денсаулығы мен өмірін жақсарту үшін жасалады.
Қазақстан үшін феталдық хирургия – медицинаның жаңа бағыты. Жобаны денсаулық сақтау министрлігі AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен іске асыруда.
Медицина қызметкері күні қарсаңында Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандарының қатысуымен Қазақстандағы алғашқы құрсақішілік патологияны түзету бойынша практикалық мастер-класс өтті.
Қазақстанда феталдық хирургияны іске қосуға дайындықты денсаулық сақтау министрлігі екі жыл бойы жүргізді. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының (Алматы) және UMC (Астана) дәрігерлерінің бригадалары Қазақстанда және шетелде теориялық және практикалық даярлықтан өтті.
«Біз Перинатология және балалар хирургиясы орталығындағы феталдық хирургия бөлімшесін 29,3 миллион теңгеден астам сомаға арнайы медициналық құралдармен – лазермен және фетоскоптармен жабдықтадық», – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдана Сүлейменова.
Феталдық медицина (ұрық хирургиясы) – бұл ананың құрсағындағы ұрық пациент болып табылатын жоғары мамандандырылған медицина саласы. Ұрық хирургиясы аз инвазивті ем-шаралар арқылы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын түзетуге және емдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға негізделген.
«Біз жыл сайын құрсақішілік ақауларды түзету бойынша 150-ге жуық операция жасауды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Алматы қаласы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнара Нұрланова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!