Қазақстанда ұл балаларды адам папиллома вирусына (ВПЧ) қарсы ерікті түрде вакцинациялау ұсынылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, денсаулық сақтау министріне ата-аналар көтерген маңызды мәселені жолдаған.
«Ұсыныс – ұл балаларды адам папиллома вирусына (ВПЧ) қарсы ерікті түрде вакцинациялау бағдарламасына қосу. Қазір Қазақстанда қыз балалар бұл екпені тегін ала алады. Бұл – өте маңызды әрі мыңдаған өмірді сақтап қалатын шешім. Енді осы тәжірибені кеңейтіп, ұлдарға да өз қалауы бойынша мүмкіндік беруді ұсындық», – деді ол.
Асхат Аймағамбетов ВПЧ тек «әйел вирусы» емес екенін айтты.
«Бұл вирус жатыр мойны қатерлі ісігін ғана емес, жұтқыншақ, ауыз қуысы, тік ішек ісіктеріне де себепші болуы мүмкін, соның ішінде ер адамдарда да. Көптеген елде ұл балалар да қыздармен бірге вакцина алып жүр. Біз де осы қадамды жасауды ұсынамыз: ерікті, өз қалауы бойынша, бірақ қолжетімді етіп. Қазір бұл вакцинаны дәріханалардан табу қиын. Сондықтан мемлекет тарапынан оны алу мүмкіндігін жасау – жақсы қадам», – деді депутат.
Ол министрлік бұл ұсынысты қолдайтынына сенім білдірді.
«Ұлдар да қауіп тобында. Олардың денсаулығы да назарда болуға тиіс», – деп түйіндеді Аймағамбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!