Фото: depositphotos.com

29 қыркүйек – Дүниежүзілік жүрек күні. Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Осы орайда Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қалалық кардиология орталығының «Кардиология» бөлімінің меңгерушісі Мақашева Зульфия Сағындыққызы жүрек-қан тамырлар ауруларының негізгі белгілерін және оларды алдын алу жолдарын атады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстанда жыл сайын 80 мың адам жүрек ауруларынан көз жұмады

Кардиолог Зульфия Сағындыққызы Қазақстанда жыл сайын жүрек-қан тамырлар ауруларынан 80 мың адам қайтыс болатынын айтты.

«Жүрек-қан тамырлар аурулары көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады немесе өлімге әкеліп соқтырады. Жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қантамырлары аурулары құрайды. Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 миллион адам қайтыс болса, Ресейде 1 миллион адам, ал Қазақстанда 80 мың адам көз жұмады», – дейді кардиолог.

Маманның айтуынша, жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде оның жиі кездесетін түрлеріне мыналар жатады:

  • миокард инфаркті;
  • инсульт;
  • жүрек қызметінің жеткіліксіздігі;
  • тромбоз.

Жүрек-қан тамырлар ауруларының негізгі себептері

Жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуының негізгі себептерінің ішінде дәрігер тұқым қуалау бейімділігін, жоғары қан қысымын, жоғары холестерин деңгейін, темекі шегуді, семіздікті және аз қозғалысты өмір салты екенін атап көрсетті.

«Бұл факторлар миокард инфаркті және инсульт сияқты жүрек ауруларының қаупін арттырады. Ауруды асқындырып алмау үшін оларды бақылау өте маңызды», – деп атап өтті Зульфия Мақашева.

“Қазақстанда жыл сайын 80 мың адам көз жұмады“. Алматылық дәрігер жүрек ауруларының негізгі белгілерін атады

Жүрек ауруларының белгілері

Зульфия Мақашева жүрек-қан тамырлар ауруларының негізгі белгілерін атады.

«Жүрек-қан тамырлар ауруларының негізгі белгісіне – кеуде тұсының қысылып, ұйып ауыруы жатады. Әдетте бұл ауырсыну сол иыққа, қолға немесе жаққа беріледі. Әдетте, бұл белгі физикалық жүктеме немесе күйзелістік жағдайда пайда болады. Ал тыныштық күйінде сирек пайда болады. Алайда мұндай кезде пайда болған жағдайда бірден жедел жәрдем шақыру керек», – деп ескертті маман.

Сондай-ақ дәрігер мына белгілерге де аса мән беруге шақырды:

  • әлсіздік;
  • естен танып қалу;
  • суық тер;
  • ентігу;
  • іштің ауыру және құсу.

Өмір салтын өзгерту ешқашан кеш емес

Ол сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу өмір салтын өзгертуді қажет ететінін еске салды.

«Темекі шегуден бас тартып, тұзды тағамдарды азайтып, физикалық белсенділікті арттырып, дұрыс салмақты сақтау қажет. Тіпті тамақтану мен күнделікті режимдегі азғантай өзгерістердің өзі жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін айтарлықтай төмендетуі мүмкін», – деп кеңес берді ол.

Сарапшы сонымен қатар физикалық белсенділіктің жүрек денсаулығы үшін маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, тұрақты физикалық жаттығулар жасау жүрек-қан тамырлары денсаулығын сақтауға көмектеседі. Ол аптасына кем дегенде 150 минут жүру, жүзу немесе велосипед тебу сияқты аэробты жаттығуларға көңіл бөлуді ұсынды.

Кардиолог сонымен қатар теңдестірілген тамақтанудың маңызын атап өтті.

«Тамақтану рационы талшыққа, омега-3 май қышқылдарына және қаныққан майға бай тағамдардан тұруы керек. Бұл холестериннің қалыпты деңгейін сақтауға және жүрек ауруларының алдын алуға көмектеседі», – деп толықтырды ол.

Скринингтік тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі

Дәрігер Қазақстанда белсенді жұмыс істейтін заманауи скринингтік бағдарламалар ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектесетінін атап өтті.

«Скринингтік тексерулер ауруды ерте кезеңде немесе оған бейімділікті анықтауға, оңтайлы емдеуді таңдауға және алдын алу шараларының кешенін тағайындауға көмектеседі. Артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ертерек анықтауға 40 жастан асқан, 2 жылда 1 рет, осы ауру бойынша диспансерлік есепте тұрмайтын ерлер мен әйелдер шақырылады», – деп қорытындылады Зульфия Мақашева.

ӨКҚ спикерінің мәліметінше, 2024 жылы Алматыда 145 979 адам скринингтік тексеруден өтті, бұл 9 992 науқасқа жүрек ауруын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!