Қазақстандық ғалымдар Қуанышбек Сәрсенбай және Зауре Дінова онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препарат ойлап тапты. Оны London Rate халықаралық бағалау компаниясы 160 миллион долларға (82 млрд 848 миллион теңге) бағалаған, деп хабарлайды “Адырна”.
Препарат Берн конвенциясымен қорғалған 6 халықаралық патентке ие болған.
Зерттеу нәтижесінде препараттың барлық зерттелген ерітінділеріне енгізілгенде AGS және HeLa клеткалық қатерлі ісік сызықтарына (аденокарцинома) қатысты айтарлықтай әсер көрсететіні анықталды, яғни клеткалардың 88%-дан астамы өледі.
Осы препаратқа қазірдің өзінде АҚШ пен Үндістандағы әлемдік ірі фармацевтикалық компаниялар қызығушылық танытқан, қазіргі таңда препаратты әрі қарай дамыту және сату бойынша келіссөздер жүргізілуде
Қуанышбек Сәрсенбайдың айтуынша, дәрінің негізін 1975-1980 жылдары нағашы атасы, 2024 жылы қайтыс болған Совет Дінов қалаған. Сол кісінің құрметіне препарат Sovetonko деп аталған.
Ғалым дәріні зерттеуге 5 жылын арнапты. Дәрі 2023 жылы алғашқы зертханалық сынақтардан сәтті өткен. Ол лейкемия, асқазан қатерлі ісігі, жатыр мойны обыры және Беркитт лимфомасымен күресте жоғары нәтиже көрсеткен. Кей зерттеулерде 100% нәтиже бергені айтылған.
Ғалым мемлекеттен қолдау болмағанын, бастапқыда тек жеке инвестор көмектескенін айтты. Қазір дәріні толық сатып алуға шетелдік компаниялар ұсыныс білдіріп жатыр екен. Алайда Қазақстан тарапынан қызығушылық жоқ, дейді әзірлеуші.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!