Дүкен шыны жуатын сұйықтықты лицензиясыз сатқан. Ал заңсыз өнімді сараптамадан өткізу кезінде улы заттардың тізіміне енгізілген метанол анықталды
НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Өскеменде жүздеген литр шыны жуатын сұйықтықтың құрамынан «метанол» деген улы зат табылды, деп хабарлады «Устинка LIVE«.
Қазақстанның автохимия өндірушілері мен тұтынушылары қауымдастығы тауарды сатып алып, «ОйлсертИнтернейшил» ЖШС-іне сараптамаға берген. Оған сәйкес, шыны жуатын сұйықтықтың құрамында 5,09% метанол болған. Ал кристалдану температурасы минус 15 градусты құрады. Сараптаманың қорытындысы бойынша сұйықтықтың құрамындағы метанолдың мөлшері ұлттық стандарттарда бекітілген нормадан 100 есеге артып кеткен. Осыдан кейін қауымдастық өкілдері полицияға арыз жазды.
«Қазақстан үкіметінің 2015 жылғы 16 ақпандағы қаулысына сәйкес, метил спирті улы заттардың тізіміне кіреді. Өскемен қаласының мамандырылған тергеу сотының шешімімен дүкен иесі мен қызметкерлеріне қатысты тергеу шаралары атқарылды», – дейді тәртіп сақшылары.
Осылайша, дүкен мен қойманы тінту кезінде шыны жуатын сұйықтықтың 484 данасы тәркіленді.
«Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 301-бабы, 1-бөлігі «Улы заттардың, сондай-ақ есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді немесе улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы» бойынша сотқа дейнгі тергеу шаралары басталды», – деп атап өтті полицейлер.
Айта кетейік, бұл бап бойынша бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!