Фото: Freepik

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 20 жыл бұрын бүкіл әлемді шарпыған чикунгунья вирусының қайта өрши бастағанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Қауіпті жәндіктер Еуропаға жеткен, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Reuters-тің жазуынша, жұқпалы дерт Үнді мұхиты аумағынан шығып, Еуропада да кездесе бастаған.

ДДҰ бүгінде 119 елдегі 5,6 миллиард адам осы вирусты жұқтыру қаупі бар аймақта өмір сүретінін мәлімдеді. Женевада сөйлеген ұйымның маманы Диана Рохас Альварестің айтуынша, 2004–2005 жылдары өршіген эпидемия қайталана бастады.

Биыл жыл басынан бастап Үнді мұхитының батыс бөлігінде орналасқан аралдарда індет қайта өршіп, тек Реюньон аралының өзінде халықтың үштен бірі вирус жұқтырған.

Сонымен қатар, инфекция Мадагаскар, Сомали, Кения және Үндістан сияқты елдерде де кең таралып жатыр. Францияда 800-ге жуық жағдай тіркелді, оның ішінде 12 адам елден шықпай-ақ вирус жұқтырған. Соңғы аптада Италияда да бір жағдай анықталды.

Чикунгунья безгегімен ауырған адамның қызуы көтеріліп, буыны ауырып, денесі әлсірейді. Қазіргі таңда оған қарсы арнайы ем жоқ. Вирус көбіне Aedes тектес масалар арқылы, соның ішінде «жолақ маса» арқылы жұғады. Алдын алу шаралары ретінде мамандар күндіз шағатын бұл масаларға қарсы репелленттер қолдануға және жабық киім киюге кеңес береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!