Алматыда бүлдіршіндер қабырғасы, баспалдағы мен төбесі жарылған қауіпті жағдайдағы балабақшаға барып келген. Мамандар мекеменің қауіпті екенін сараптаған соң, ата-аналарға балаларын басқа жаққа ауыстыруға тура келетінін айтты. Дегенмен бұл ұсынысқа ата-аналар наразы деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Алатау ауданына қарасты Дархан шағын ауданындағы 168-балабақша 2012 жылы пайдалануға берілген. Алайда араға он шақты жыл салып қабырғасында сызаттар пайда болып, іргетасы сөгіле бастаған. Ішкі көрінісі мүлдем қорқынышты. қауіп жоғары болғандықтан жедел саты да істен шыққан. 

Балабақша ішіндегі ең қауіпті жер баспалдақ. 2-қабаттағы жүздеген бала осы баспалдақ арқылы дене шынықтыру, ән және шомылуға барады. 

Сараптама жүргізген мамандар ғимаратты апатты деп танып, қалыпқа келтіруге жатпайды деген қорытындыға келді. Қалалық білім басқармасының басшылығы шұғыл жиналыс ашып, ата-аналарға ғимараттың апатты екенін жеткізді. 

“Сіздерді жинап отырғанымыз біз балаларды басқа балабақшаларға ауыстырамыз. Осындай құжат қолымызда болып тұрып, біз балаларды мұндай ғимаратта ұстай алмаймыз. Бәріңізге белгілі біз сейсмо қауіпті аймақта тұрамыз. Бұл өте қиын жағдайға әкеп соғуы мүмкін”,- деді қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Әлия Сағиева.

Балаларды аудандағы балабақшаларға бөлу көзделуде. Алайда ата-аналар балаларды тобымен тәрбиешісімен өзге балабақшаға ауыстыруды талап етті. 

“Біздің талабымыз осы балаларымызды бірге алып, бір мекемеге көшіру. Енді қазір айтады сенің 3 жастағы балаңды Өжетке апар 5 жастағыны Шаңыраққа жібереміз деп. Сонда мен екі ортада кептеліспен екі балама қанша уақыт жұмсаймын”,- деді  ата-ана Жанерке Атаева. 

Заңгерлер қазынаның қыруар қаражатына салынған балабақша ғимаратының 10 жылға жетпей тозығы жететін болса оны бұзып тастап, қайта салатын мемлекеттің ақшасы шашылып жатқан жоқ дейді. Сондықтан мердігер мекеме басшылығы мен ғимаратты қабылдап алған әкімдік өкілдерін жауапқа тарту керек екенін айтты. 

Балаларды басқа орынға ауыстыру оңайға соқпайды. Қаладағы 900 орында 80 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Ал кезекте тағы 42 мың бала тұр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!