Кез келген мемлекет пен қоғам үшін, өркениеттің алға жылжуы үшін адамзат баласының саны да, сапасы да маңызды. Яғни ұрпақтар жалғастығы – өркениет дамуының көрінісі. Алайда күн сайын қанша адам жарық дүниенің есігін ашса, соншасы өз-өзіне ажал құштырып жатады. Бұл біздің ойдан шығарып алған ертегі емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, суицид көрсеткішінің 79 пайызы халқы кедей елдерде жасалады екен. Біз де әлемде ең көп суицид жасалатын мемлекеттердің ондығында екенбіз. Өз-өзіне қол жұмсайтындар қатары неге көбеюде? Психологтар бұл туралы не дейді?

Сандар сөйлейді
Әдетте қоғамда суицид туралы айтуға тыйым салынып, жазылған сайын жайыла түсетін, талқыланған сайын артатын жаман аурудай көрінеді. Әрине, адам өлімі халық санағы сынды асыға күтіп, көбейсек, қуанатын жайт емес. Дегенмен ұлттық статистика бюросы 2021 жылы өз-өзіне қол салу оқиғалары қай өңірлерде көбейгенін мәлімдеген болатын. Елімізде өзіне қол салу бойынша ер азаматтар арасындағы өлім бес есе жиі кездескен. Яғни 100 мың адамға шаққанда ерлер арасында – 19,92, әйелдер арасында 4,05 деңгейінде. Суицид бойынша Ақмола облысы бірінші орында тұрса, одан кейін Қостанай және Қарағанды облыстары жайғасқан. Ал аталған мәселеге қатысты ең төмен көрсеткіш Маңғыстау, Павлодар облысы және Алматы қаласына тән екені анықталған. Өткен жылы жалпы 3922 өз-өзіне қол жұмсау жағдайы тіркелген.
Ал осы жылы ше? арнайы органдардың статистикасы бойынша, 2022 жылдың алғашқы 7 айында 2179 суицид оқиғасы тіркеліпті. Қазір қай өңірлер суицид жасау бойынша көш бастап тұр? Алматы облысы бойынша 222 адам тіркелсе, ШҚО 211 адаммен екінші орында тұр. Ал Түркістан облысында 195 адам өз-өзіне қол жұмсап, осы жайт бойынша үштікке енген. Өңірде алғашқы 7 ай ішінде 68 адам өзіне қол жұмсаған. Сандарға қарасақ, өткен жылдың көрсеткішіне жетуге аз қалған. Әрі бұл алғашқы 7 ай ішінде ресми тіркелгендері ғана… Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде халық саны бірнеше мыңға ғана өзгеріп, бір-екі цифры ғана ауысқан қазақ елі үшін бұл көрсеткіш қасіретті жағдай екенін мойындау керек.

Себеп неде?
Қоғамда алдыңғы буын аға-апалардан «психолог дегенді көрмей-ақ өстік», «суицид, стресс деген немене?» деген сынды сыни пікірлерді жиі естіп жатамыз. Шынымен ата-әжелердің, аға-әпкелердің өмір сүрген кезеңінде суицид болмаған ба? Болғаны анық. Бірақ бүгінгідей жиі әрі көп емес. Себепсіз емес… Себепсіз демекші, өз-өзіне қол жұмсайтындардың көбі жастар мен орташа жастағылар десек, жалпы адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға не итермелейді? Ең жиі кездесетін себеп қайсы?
Жүргізілген статистика бойынша негізгі себептер – қиын қаржылық жағдай, жалғыздық сезімі, ауыр сырқат, жанжалды отбасылық, жеке қарым-қатынастар екен.
«Әрине, бұл өте ауыр тақырып. Оған қазіргі z-ұрпақты кінәләп, психологиялық иммунитеті әлсіз дей салу дұрыс емес. Шынында да адамның өз-өзіне қол жұмсауына өмір сапасы көп әсер етеді. Жанындағы адамдармен қарым-қатынасы, отбасындағы жағдайлар. Себебі адам өмірінің қажеттіліктер иерархиясында күнделікті тамақтануы, тұрмысы, отбасы алғашқы орында тұрады.
Ал біздің елімізде 2018 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері көтерілген емес. Тек 2022 жылғы 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіштің артып, 42 мыңнан 60 мыңға дейін жоғарылады. Ойлаңызшы, арадағы төрт жыл ішінде доллардың құны қанша есе өсті? Ал доллар өскен сайын нарықтағы саудагерлер соны сылтауратып, азық-түлік пен ең қажетті деген өнімдердің бағасын шарықтатып жібереді. Осыдан кейін үйінде бір ғана адам жұмыс істейтін немесе күнкөрісі 60 мыңнан аспайтын отбасылар қалай өмір сүрмек? » – дейді қала тұрғыны Айсұлтан Айдын.

Алдын алуға
мүмкіндік бар
Осы салада бірқатар жұмыс атқарып жүрген қызылордалық психолог, БҰҰ балалар қорының ұлттық тренері, «Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу» жобасының үйлестірушісі Сымбат Әбдірахманова суицидтің алдын алуға әрдайым мүмкіндік барын айтады.
– 2015 жылдан бастап жасөспірімдермен жұмыс істеп келемін. Алдыма кеңес сұрап түрлі отбасылар келеді. Әртүрлі ата-анамен жұмыс жасауымызға тура келеді. Балалардың проблемалары да түрліше. Мысалы, ата-анасы ажырасқан бір отбасы келді. Ол екінші әкесімен тұратын. Екі інісі бар (екінші әкеден). Әкесі қызды бөлектейді екен. Өз балаларына түрлі тәттілер әкеліп берсе, қызына бермейтін көрінеді. Осы орайда отбасымен, қызбен жұмыс істедік. Бір күні кішкентай пациентім қуанып келді. Қыз анасының «ботақаным» деп еркелеткенін айтты. Енді қараңыз, бір ғана сөз балаға қалай әсер етіп тұр. Яғни, «сені жақсы көремін» деген сөзді айтудың өзі баланың бар өміріне әсер етпек. Сондықтан бала мен ата-ананың арасындағы байланыс өте маңызды.
Суицидпен күресуді қолға алғанымызбен, қоғамда жаңсақ пікір қалыптасқан. Ата-аналармен, мұғалімдермен жиналыстарда «бұрын суицид болмаған, өздерің айтып, оны шақырасыңдар» деп жиі айтып жатады. Шын мәнінде қазақта ненің болып, ненің болмағанын айтатын – тарих, әдебиет. Ал әдебиетке көз жүгіртсеңіз, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу да суицид жасаған, Қыз Жібектің фильмін бәріміз көрдік, «Менің атым Қожа» фильмінен де суицидтің белгілерін көруге болады. Бұдан түйетініміз, суицид бұрыннан, адамзат жаралғалы бар. Тек бұрын интернет, байланыс болмағаннан ол ақпараттарды ешкім білмеді, – дейді маман.
Психологтың айтуынша, суицидке баратындардың өзінің белгілері болады. Ең алдымен адамның ұйқысы бұзылады – яғни жасөспірім не ұйықтамайды не шамадан тыс көп ұйықтайды. Екіншіден, тәбеті бұзылады. Көңіл-күй бұзылса, тамақ ішкіміз келмейді немесе керісінше шектен шығып кетеміз. Әлеуметтік желілерге пессимистік жазба қалдырып, пессимистік ойлау да суицидтің бір белгісі. Мұның барлығы маған көмек керек деген сигналдар екен. Әрине, уақытында осындай белгілерге мән берсек, қайғылы оқиғалар азаяр еді…


Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!