Бәріміз де бала кезден адам ағзасына пайдалы жеміс-жидектерді сүйіп жейміз. Тіпті, кейбіріміз оның пайдасынан бейхабар болсақ та, тіл үйірер дәмі үшін қорек етеміз. Ал сіз құлпынайдың тісіңізді ағарта алатынын білесіз бе? Жоқ па?! Ендеше, тіс дәрігерінің есігін қақпас бұрын, құлпынайдың көмегіне жүгініп көріңіз.

Аппақ қардай күлкі айналаңыздағыларды сүйсіндіріп, ерекше көңіл-күй сыйлайды. Осылайша сіз бір оқпен екі қоянды атып аласыз. Құлпынайдың дәмінен ләззат алып, әдемі күлкінің қожайыны атанасыз.

Сонымен, бізге не керек? Қолыңызға бірнеше піскен құлпынай мен жарты шәй қасық ас содасын алыңыз. Құлпынайды шұғыл ыдысқа езіп, ас содасымен араластырыңыз. Содан кейін тіс щеткасын алып (жұмсақ қылшықты болғаны дұрыс), тіс пастасы іспетті езбені жағыңыз да, тісіңізді айналдыра ысқылаңыз.

Немесе піскен құлпынайды ештеңемен қоспай-ақ, шырыны шыққанша тісті сипалап өтіңіз.

Құлпынайға эмальға әсер ету үшін бес минут уақыт беріңіз. Межелі уақыт өтісімен, тісті құрамында фтор бар тіс пастасымен жақсылап жуыңыз да, жылы сумен шайып тастаңыз.

Бұл «тәтті рәсімнің» бар құпиясы – жидектің құрамында тіс эмалінің беткі қабатын еріте алатын қышқылдың көп болуынан деп біліңіз.

Сонымен қатар, құлпынаймен кофе, шарап, шоколад қалдықтарын да тазартуға болады.

Ескерту. Бұл әдісті жиі қолдана беруге болмайды. Жоғарыда айтылған қышқыл және ас содасы тісіңізге зиянын тигізуі мүмкін. Бұл деген күлкімен қоштасу деген сөз.

Бәрінің де өз мөлшерімен болғаны дұрыс. Сонда ғана аппақ қардай күлкімен жақындарыңызды баурап, қуаныш сыйлап жүре аласыз.

massaget.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!