Қазақстанда коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет күзде қалыптасады деп көзделіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Үкімет 10 миллион қазақстандықты вакциналау науқанын биыл қыркүйекте аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол қазіргі басты міндет – санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алғандар санын арттыру екенін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау бойынша жоспар әзірлеген.

«Биылғы сәуір, мамыр және маусым айлары аралығында өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина салу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Қыркүйек айында вакциналауға жататын 10 миллионға жуық адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің әсері күтіледі», – деді Мамин үкімет отырысында.

Айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілді. Ауруханаларда дәрі-дәрмектің айлық қоры бар. Ал «СК-Фармация» қоймалары мен дәріханаларда екі айлық қор жасалды.

Сонымен қатар, барлық өңірде үш айлық дәрі-дәрмектің, жеке қорғаныш құралдары мен шприцтері бар тұрақтандыру қорлары құрылды.

Мамин денсаулық сақтау министрі мен әкімдерге вакцина алатындардың санын арттыруға қатысты шаралар қабылдауды және өңірлерге вакциналау жоспарына сәйкес екпе жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне халық арасында вакциналау туралы түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу міндетін қойды.

Бұдан бөлек құзырлы органдарға сәуірдің соңына дейін «адамдардың шоғырлану орындарын анықтау карталарын» енгізу және мобильді мониторингтік топтардың тиімділігін жақсарту мақсатында барлық өңірге «Ashyq» жобасын енгізуді тапсырды.

sputnik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!