KAZINFORM — Қытайдың Jiangsu Hengrui Pharmaceuticals компаниясы онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жаңа Zeprumetostat препаратына ҚХР Мемлекеттік дәрі-дәрмектер мен тағам өнімдерін бақылау басқармасынан шартты түрде рұқсат алды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі China Daily-ге сілтеме жасап.
Препарат рецидивті немесе емге көнбейтін перифериялық Т-жасушалық лимфомасы (R/R PTCL) бар, жүйелі терапиядан кем дегенде бір курс өткен ересек науқастарды емдеуге рұқсат етілді. Бұл — қан қатерлі ісігінің сирек әрі агрессивті түрі, оны емдеудің баламалары өте шектеулі.
Zeprumetostat — Қытайда әзірленген EZH2 ферментінің алғашқы ингибиторы. Бұл фермент рак жасушаларының өсуімен байланысты. Компанияның мәліметінше, бұл — жаңа емдеу мүмкіндіктерін ұсынуға қабілетті селективті пероральді (ауыз арқылы қабылданатын) препарат.
Шартты рұқсат аясында препарат қазірдің өзінде нарыққа шығуы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау үшін клиникалық зерттеулер жалғасуы тиіс. Мұндай рұқсат егер алдын ала нәтижелер науқастар үшін елеулі пайда көрсетсе, ауыр және сирек ауруларға қолданылады.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай онкологияны диагностикалау және емдеу саласында бірлесіп жұмыс істейтіні хабарланған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!