Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың төрағалығымен селекторлық жиын болды.

Басқосуда коронавирус инфекциясына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал талқыланды.

Бүгінде облыс «сары аймақта». Соңғы тәулікте «COVID -19» инфекциясын жұқтырған 75 дерек тіркелді. Дерт күннен күнге дендеп барады. Ауруды асқындырмау үшін карантин талабын қатаң сақтау қажет.

«14 сәуір күні облыс бойынша барлығы 34 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 6 мекемеде талаптардың сақталмағаны белгілі болды. Атап айтқанда, Тасбөгет кентіндегі «Карамель» ойын-сауық орталығында қызметкерлер мен келушілерден бетперде тағу талап етілмейді, температура өлшенбейді. Жалпы, араланған мекемелерде өткен аптамен салыстырғанда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы күшейтіліп жатқаны байқалады. Қазір жергілікті полиция қызметі басқармасының көліктерімен дыбыс күшейту құралдары арқылы орталық көшелерде ескертпелік хабарламалар айтылуда», – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

«Бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 236 адам ауруханада ем алуда. Індетті жеңудің жалғыз жолы вакцина екендігі белгілі. Қазір аудандарға тұрақты жеткізу жұмысымен айналысудамыз. Тасымалдау мен сақтау үшін облыстық бюджеттен қосымша қаражат қаралуда. Жаппай вакцина жасау арқылы, ұжымдық имунитетті қалыптастыра аламыз», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов.

Облыс әкімінің орынбасары санитарлық талапты күшейтуді, оны қадағалауды тапсырды. Әсіресе түсіндіру шаралары халық көп шоғырланатын базар, автобекет, теміржол вокзалы, халыққа қызмет көрсету орталықтарда тұрақты жүргізуді ескертті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!