Қызылордада 4-сыныпта оқитын 11 жасар бала көз жұмды. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.
Оқиға 24 қаңтар күні болды.
«Қайтыс болған оқушы 2010 жылы дүниеге келген. Алғашқыда денесінде бөртпе пайда болып, соның салдарынан ауырған. Бастапқыда үй жағдайында ем алған, дәрігерге көрінгеннен кейін инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Коронавирусқа қатысты сынама алынды. Нәтижесі теріс болды. Сондықтан 19 қаңтарда көпбейінді балалар ауруханасына ауыстырылды. Республиканың білікті мамандарынан кеңес алынды. Өкінішке қарай бала 24 қаңтар күні қайтыс болды. Оған жүрек, өкпе жұмысының жеткіліксіздігі негізгі себеп болып отыр. Қосымша комиссия құрылды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылатын болады», – деді ол.
Бала Қызылорда қаласындағы П.Осипенко атындағы №8 мектептің 4-сыныбында оқыған. Ол биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанынан бастап онлайн форматта қашықтан білім алған.
«Оқушының оқу үлгеріміне қатысты ешқандай проблема болған емес. Қашықтан оқытуға байланысты бала электронды жабдықтармен қамтылған. Ұстаздары тарапынан баламен кері байланыс жұмысы жүргізілген», – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!