Stop: COVID

Елімізде маусым айындағы жағдаймен салыстырғанда шілденің соңғы екі аптасында індет жұқтырғандардың саны 4,8 есеге көбейген. Бұл туралы осы аптада Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мемлекет басшысымен кездесуде айтты. Бұған қоса министрдің айтуынша, әлемде коронавирус індетінің жаңа «Лямбда» штамы Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Еуропа елдерінде таралуда. Президент коронавирустан сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.

2021 жылғы 27 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес 163 жағдай тіркеліп, Қызылорда «қызыл» аймақта тұр. Вирустық инфекцияның алдын алу мақсатында вакциналау қызу жүргізілуде. Қызылорда облысында бүгінгі күнге дейін I компонентпен 213 467 адам вакцина салдырды, II компонентпен 136 857 адам. №6 қалалық емханада ақпан айынан бастап 17500-ге жуық  адам вакцина салдырды. «Саламатты өмір салтын қалыптастыру маманы Ағжан Жандарбекова мен эпидемиолог дәрігер Сабыр Бақыт мекемелерді аралап, санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды екпе алуға шақырып отыр. Екпе алуға халықтың көзқарасы жақсарып келеді. Бір жасқа дейінгі баласы бар аналар, жүкті әйелдер және 18 жасқа толмаған жасөспірімдер вакцина алудан босатылады. Екі екпе алу кабинеті күндіз-түні жұмыс істеп тұр», − дейді №6 емхананың бас дәрігері Жанат Шайхисламқызы.

Емханада екпе алу үшін кезек көбейген. Бірінші дәрігерге қаралып, кеңес алып барып шешім қабыдайды. «Ер адам екпеден қорқа ма екен?!» дейді екпе салдыруға келген зейнеткер. «Менің жасым 63-те. 2004 жылдан бері жүрек ауруымен есепте тұрамын. 2013 жылы жүрекке ота жасаттым. Қан қысымым да төмен. Дәрігеріме қабылдауға бардым. Кеңесін алып, екпе салдыруға шешім қабылдадым. Жарым да, қызым да екпе қабылдадық. Ешқандайда ауырсыну белгілері болған жоқ. «Сақтансаң сақтаймын» деген, жақындарымыз үшін сақтанып жүрейік. Емханада есепте тұрған соң уақытылы дәрігерге қаралып, тегін дәрілерін алып тұрамын. Еңгезердей ер азаматтардың еш жері ауырмаса да екпені салдырғысы келмей қорқып тұрғанын көрдім. Ұят қой», дейді қала тұрғыны Пазылхан Бекбатыров.

Қала тұрғыны Эльмира Үркінбаева дерттен сақтануды жөн көргенін айтады. «Мен жұмыс істемеймін. Әйтседе жақындарымызбен қарым-қатыстамыз, соларға зияным тимесін дедім. Өзімде ауырмаудың жолы вакцинация екенін түсіндім. №6 емханаға барып екпе салдырдым. Қыздарым − студент. Олар да вакцина алды. Алғашқы күні екпе салған орны ауырды. Қазір жағдайым жақсы», − дейді ол.

Вирустың бұл түрімен былтыр ересектер ғана ауырса, қазіргі уақытта балалар арасында да коронавирус індеті көптеп кездесуде екен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте №6 қалалық емхана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова айтты. «Індет жеткелі бері салмақты жүк медицина саласының мамандарына артылып келеді. Күн демей, түн демей азаматтарды ажалдан арашалап жүрген ақ халатты әріптестерімнің еңбегі орасан. Дәрігерлер, орта және кіші буын қызметкерлері өздерінің міндетін мінсіз атқаруда. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы талай жантүршігерлік жағдайдың куәсі болдық. Пандемия кезінде қаншама жақындарымыздан айырылдық. Салғырттықтың кесірінен сан соғып қалдық. Биыл мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. Вирустың бұл түрімен былтыр ересектер ғана ауырса, қазіргі уақытта балалар арасында да коронавирус індеті көптеп кездесуде. Балаларға инфекция вакцина алмаған ата-аналарынан жұғуда. Сондықтан да кеселді дертті жеңудің жалғыз ғана жолы – вакцина салдыру екендігін естеріңізге салғым келеді» – деді Мая Миранбайқызы.

Қызылорда қаласының бас санитары жаңа қаулыны жариялады. Онда қоғамдық тамақтану орындарының «Ashyg» жобасына енгеніне қарамастан жұмыстарына шектеу қойылды. Кәсіпкерлер қаншама адам жұмыссыз қалатын болды деп реніш білдірсе де, бас санитар жағдайдың күрделі екенін айтады. «Қазір қалалық аурухана, жұқпалы аурулар аруханасы бәрі науқастарға толы. Реанимация бөлімдерінде де орын жоқ. Күніне 100-ден аса науқас тіркелуде. Блокпост қою әзір қарастырылмаған. Біз қаулыны ведмоствалық комиссия отырысының хаттамаларына, эпидемиялық ахуалды сараптап дайындаймыз. «Ashyg» жобасына кәсіпкерлер енуі қажет. Әйтседе қоғамдық тамақтану орындарын мониторингтік топ тексеріп, 50 адамнан аспау керек деген шектеуге құлақ аспай, көп адамға тапсырыс алып, карантин талаптарын бұзған 100 кәсіпкерге айыппұл салынды. Соның өзінде карантиндік шектеулерге немқұрайлы қарау азаймай тұр. Қазір басты мәселе халықты шоғырландырмай, дерттен сақтап қалу», – дейді Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев.

Былтыр осы кезеңде қаншама адамнан айрылып, Туымыз төмен түсіп, қара жамылдық. Қаралы күн есімізден кетпесі анық. Биыл да індетпен ауырғандар күннен күнге тоқтаусыз көбеюде.Тыйым салынса да, той-томалақ, жиындар өткізу азаймай тұр. Карантиннің қарапайым талаптарын сақтауға салғырт қарауымыздың кесірі өзімізге ғана емес, отбасымыз бен туыстарымызға, айналамыздағы адамдарға тиюде. Қарапайым ғана сақтанудың алтын ережесі маска кию, қолды жиі жуу, арақашықтықты сақтауды естен шығармасақ екен.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!