Өткен тәулікте COVID-19 жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Бұл көрсеткіш наурыз айының 4-і нен бастап орын алуда. Індетке шалдыққандардың 95%-дан астамы жазылып шықты. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыста вакцинаның 1 компонентімен 426 423, екінші компонентімен 418 453 адам қамтылды. Pfizer вакцинасы 74 736 адамға салынып, 164 245 тұрғын ревакцинациядан өтті.
Брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова эпидемиологиялық жағдайға байланысты тәуекелдің «сары» және «жасыл» аймақтарында орналасқан өңірлердегі барлық объектілерде «Ashyq» мобильді қосымшасын қолдану міндеті, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға қойылатын талаптар мен міндетті термометрия алынып тасталғанын айтты.
«Эпидемиологиялық қауіп-қатердің барлық аймақтарында ашық ауада маскаларды міндетті түрде кию талабы жойылады. Бұдан бөлек, коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлер үшін күндізгі режимдегі жұмысқа рұқсат беріліп, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын ұйымдардың қызметкерлері үшін вахтаға кіру және шығу кезнде ПТР әдісімен міндетті зертханалық тестілеуден өткендігі тексерілмейді», – деді Динара Жаңабергенова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!