Kyzylorda-news.kz. Сәуір айында Қызылорда облысында екі адамнан Конго-қырым геморрагиялық қызбасы анықталды. Қазір таңда, жағдайлары бірқалыпты, жұқпалы аурулар бөлімінде ем алуда. Екі деректе Шиелі ауданынан тіркеліп отыр. Жалпы облыста 113 елді мекен қолайсыз деп танылды. Бұл елді мекендерді залалсыздандыруға бюджеттен қаржы қарастырылған.

«Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге мердігерлер белгіленді. Яғни 567 318 мал басы, 33385 қора, суаттар көктем және күз мезгілінде залалсыздандырылады. Қазіргі таңда, Шиелі, Жаңақорған аудандарында І-ші кезең аяқталып, ІІ-ші кезең жүргізілуде. Жалағаш пен Сырдария аудандарында І-ші кезең жалғасуда. Залалсыздандыру жұмыстарына дизицип ерітіндісі қолданылуда», – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқарма басшысының орынбасары Бағдат Алиев.

«Кенелердің зақымдану көрсеткіші өткен жылы 1,7 пайыз болса, ал биыл 5,4 пайызды құрайды. Сонымен қатар, сәуір айында анықталған конго-қырым геморрагиялық қызбасының ошағына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Айта кететін жайт, кене шаққан жағдайда бірден тұрғылықты жеріңіздегі медициналық пунктке жүгініп, қажетті ем-дом шараларын алыңыздар», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!