«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары 300 мыңнан аса ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру, нормативтерге сәйкес ауылдық елді мекендерді медициналық көмекпен қамтамасыз ету және инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті уақытылы көрсету үшін «алтын уақыт» қағидатын сақтаумен басқа да бірқатар бағыттар көзделген, деп хабарлайды Қызылорда облысының әкімдігі.
Ұлттық жоба аясында ауылдарда 27 инфрақұрылымдық нысан (24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет) салынбақ.
2023 жылы жоспарланған 16 нысан бойынша қазіргі таңда 14 дәрігерлік амбулатория құрылысы басталса, 1 нысан құрылысының мердігерлік сметасы беріліп, конкурс жүруде.
Сондай-ақ 2024 жылға жоспарланған 11 нысан құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша келісімшарт жасалды.
2025 жылға қарай Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын «Көп бейінді ауданаралық аурухана» деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай, Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған көп бейінді аудандық орталық ауруханаларының ғимаратына қосымша құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жобалар мемлекеттік сараптамаға енгізілді.
Жоспарланған 4 көпбейінді ауданаралық ауруханаларда инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімдері, триаж жүйесі бар жедел жәрдем бөлмесі ашылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен (КТ МРТ, ангиограф, сараптамалық дәрежедегі ультрадыбыстық, эндоскопиялық, реанимациялық жабдықтар, медициналық оңалту және т.б.) жабдықталады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!