Қызылорда облысында жыл басынан бері ішек инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 30,5 пайызға артқан. Науқастардың көпшілігі балалар. Жалпы жағдай тұрақсыз деп сипатталады.
Ресми мәлімет бойынша, биылғы жылдың 4 айында дәрігерлер жедел ішек инфекциясының 281 жағдайын тіркеген. 14 жасқа дейінгі балалар барлық жағдайлардың шамамен 90 пайызын құрайды, оның ішінде екі жасқа дейінгі балалар арасында көрсеткіш жоғары.
Күннің жылынуымен жедел ішек инфекциясының қаупі күрт артты.
«Бұл температураның жоғарылауы сыртқы ортада қоздырғыштардың тіршілігі мен көбеюіне қолайлы жағдай туғызатынына байланысты», – деп түсіндірді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Хабарланғандай, облыста санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі өкілдері мен емдеу мекемелерінің дәрігерлерінің қатысуымен медициналық штаб құрылып, жіті ішек инфекцияларының алдын алу мақсатында санитарлық және эпидемияға қарсы шаралар күшейтілді.
Топтық тамақтан улану жағдайларын болдырмау үшін оқу орындарының тамақ бөлімшелерінің қызметкерлері, қоғамдық тамақтану орындарының аспаздары арасында санитарлық-ағарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Сонымен қатар, мамандар «алдын алу, диагностикалау және емдеуді дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгеніне» қарамастан, ішек инфекциясының жоғары көрсеткіштері тіркелетінін атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!