Қызылордада биыл Конго-қырым қанды безгегіне шалдыққандар саны 15-ке жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған аурумен сырқаттанған азаматтардың көпшілігі ауыр жағдайда емдеу орындарына жеткізілді. Олардың 70 пайызында клиникалық белгілер болғанымен уақытылы медициналық көмекке жүгінбеген.
«Облыста конго-қырым қанды безгегін қоздырушы кененің 16 түрі бар. Салдарынан жылдан-жылға ауру тасымалдаушы кенелер түрі көбейіп барады. Еліміз бойынша кенелердің зақымдалу көрсеткіші орташа есеппен 4,2 болса, Қызылорда облысының көрсеткіші одан жоғары. Бұл алаңдатарлық жағдай. Конго-қырым қанды безгегі әсіресе мамыр және маусым айларында белсенділігі өте жоғары болады. Сондықтан әрбір азамат далалық жерде немесе үй жануарларының қасында міндетті түрде сақтық шараларын ұмытпау керек», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен науқастардың барлығы осы бір аптаның ішінде ауырғандар. Олар ауруханаға келген күннен бастап арнайы препараттар беріліп, 3 рет зертханалық тексерістен өтеді.
«Конго-қырым қанды безгегінің басты белгілері – бас айналу, жүрек айну, дене қызбасы және іш өту. Бұл белгілерден бөлек тістің қанауы немесе мұрын қанауы болуы мүмкін. Егер осы сиптомдар байқалса жедел түрде медициналық тексерістен өту қажет. Себебі ауру асқанып кетуі мүмкін», – деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!