Қызылорда облысында медициналық колледждің 70 студенті «Pfizer» вакцинасын салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Өткен аптада өңірге «Pfizer» вакцинасының 23400 дозасы жеткізілген. Ол ата-аналардың келісімімен 12-18 жастағы жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанғанына 42 күн болған бала емізетін әйелдерге салынады. Бұл мақсатта ата-анасының рұқсаты алынған. Сондай-ақ, екпе жасөспірімнің өз қалауымен жүргізілуде. Баласына вакцина салдыруға келісім берген Жанар Нақыпова бұл дұрыс шешім болғанын айтады.

«Медициналық колледжде ұлым «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алуда. Мен баламның қатерлі дертке қарсы вакцина салдыруына келісім бердім. Ол алғашқы болып екпе салдырды. Басында қобалжыған едім. Ұлымның өзі де қарсылық танытқан жоқ. Қазіргі таңда басты мақсатымыз – халықтың амандығы. Осындай дұрыс шешім жасау арқылы қатерлі індеттің таралуын тоқтата аламыз», – деді Жанар Нақыпова.

«Денсаулығымда ешқандай кері әсер болған жоқ. Болашақта медицина маманы боламыз. Сондықтан біз вакцина түрлі қатерлі індеттің алдын алатынын білеміз. Сол себепті екпе қабылдауға ата-анамыздың рұқсатымен келісім бердім», – дейді Шахризада Әнуарбекова. Еске салсақ, Қызылорда облысында «Pfizer» вакцинасын егу басталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!