фото: depositphotos.com

Қызылордада науқас әйелге дәрігер арнайы сертификатсыз онкологиялық ота жасаған, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда қаласының тұрғыны Д. есімді келіншекке маммолог дәрігер «сол жақ сүт безінің фиброаденомасы» диагнозын қойып, емделу керектігін ұсынған. Осыған байланысты, әйел жоспарлы емделуге жолдама алып, сол дәрігердің ауруханасының хирургия бөлімінде ота жасаған. Отадан кейін әйелдің денсаулығы нашарлап, мазасыздана бастаған.

Науқас әйел медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне жүгініп, хирургтың сапасыз медициналық көмек көрсеткеніне шағымданды.

«Шағымға байланысты, ауруханаға жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Тексеру қорытындысына сәйкес, әйелді емдеу кезінде диагностика мен емдеу клиникалық хаттамаларының сақталмағаны, хирург отаны «онколог маман» сертификатынсыз жасағаны, аурухананың мемлекеттік лицензиясында онкологиялық көмек көрсету туралы қосымшаның жоқ екендігі анықталды», – делінген хабарламада.

Тексеріс нәтижесі бойынша, хирург дәрігерге және аурухана заңгеріне әкімшілік айыппұл салынды.

«Осы мән-жайларға байланысты, әйел Қызылорда қалалық сотына жүгініп, ота жасау кезінде ісік бар сол жақ сүт безінің астыңғы бөлігі емес, жоғарғы бөлігі кесілгенін, ультрадыбыстық зерттеуге қайта түскенде, сол жақ сүт безіндегі ісіктің алынбағаны белгілі болғанын, дәрігер өз ісіне немқұрайлықпен қарағанын, соның салдарынан ауруы асқынып, уайымға салынып, жан азабы мен тән азабын тартқанын көрсетіп, моральдық шығын өндіруді сұраған», – делінген хабарламада.

Қызылорда қалалық соты талап арызды қанағаттандырып, жәбірленушінің пайдасына ауруханадан 2 000 000 теңге моральдық шығын өндіру туралы шешім шығарды. Аурухана бұл шешіммен келіспей, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағыммен жүгінген.

Істің барлық мән-жайын зерделеген сот алқасы бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!