Қызылорда облысы орталығында ғана орналасқан «Қамқорлық» оңалту орталығы енді Арал және Жаңақорған аудандарында ауданаралық орталық ретінде ашылатын болады. Бұл өз кезегінде 5 мыңға жуық ерекше балалардың қажетті оңалту шараларын толыққанды қабылдауына мүмкіндік болмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова хабарлады.

«Өңірде ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы былтыр ашылған болатын. Бүгінгі күнге дейін аталмыш орталықта 2500-ге жуық бала ем алды. Ал оның 25,3 пайызы мүгедектігі бар балалар. Осы ретте аудандардағы ерекше балалардың толыққанды ем алуы үшін «Қамқорлық» орталығын бірнеше аудандандарда ашуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, аймақ тұрғындарына  жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында бірнеше нысандар ашылмақшы. Соның бірі – бұрын-соңды облыста болмаған көпбейінді қалалық балалар ауруханасы салынатын болады. Сондай-ақ, жас аналарға жоғары мамандандырылған  медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін көпбейінді облыстық ауруханасының жанынан 70 төсектік босану бөлімшесі құрылады. Бұған қоса, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген 200 орындық перинаталдық орталық ашуды жоспарлаудамыз», – деді басқарма басшысының орынбасары Мая Миранбайқызы. 

Облыстық көп бейінді балалар ауруханасына жыл көлемінде 16 мыңға жуық бала ем қабылдаған. Бұл орталықта 13 клиникалық бөлімше мен 360 төсек-орындық стационар  қамтамасыз етілген. 

«Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы бір ауысымда 300 балаға дейін қабылдауға қауқарлы. Біздің орталықта шала туылған немесе туа бітті ақаулары бар нәрестелерді динамикалық бақылауға арналған катамнез кабинеті жұмыс істейді. Мұнда екі мыңға жуық бала тексерілді. Жалпы орталықта балалардың жақсы емделуіне жағдай жасау үшін 2020 жылы 60 төсектік реабилитация бөлімі мен былтыр «Қамқорлық»  оңалту орталығы ашылды. Онда 1255 бала оңалту шараларын қабылдайтын болады», – деді облыстық көп бейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Рахатқызы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!