Қызылордада топайсүйегі жылжып сынған үш жасар бүлдіршінге күрделі ота жасалды. Дәрігерлердің дерегінше, мұндай патология сирек кездеседі әрі оған ота жасау қиын.
Бүлдіршіннің анасы Айшолпан Өмірханованың айтуынша, үш жасар Гүлбағым көршісінің мотоциклі тұрған жерде ойнап жүрген. Сол сәтте мотоцикл сәбидің сол аяғына құлаған. Жарақат алған бала алғашында аудандық, кейін облыстық балалар ауруханасына жеткізіліпті. Онда бүлдіршіннің аяғын компьютерлік томографияға түсірген. Нәтижесінде топайсүйегінің сынғаны анықталып, кішкентай пациентке дереу операция жасалған.
«Практикада мен мұндай табан жарақатын бірінші рет көрдім. Травматологиядағы топайсүйектің жылжып сынуы сирек кездеседі және ауыр жарақат тобына жатады. Топайсүйек арқылы дененің бүкіл ауырлық қысымы табанға беріледі. Бұл – ешқандай бұлшықет жоқ жалғыз табан сүйегі. Аваскулярлық некроз, дегенеративті артроз секілді асқыну қаупі бар. Мүгедектік деңгейі жоғары. Жас организм бұл жарақатпен күресіп, тез түзеледі деп үміттенеміз», – дейді Қызылорда облыстық балалар ауруханасының ортопед-травматологы Олжас Құрбанбаев.
Қоса кетсек, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында Швейцария мен Германиядан келген профессорлардың қатысуымен жүрек ақауы бар үш науқасқа тіліксіз ота жасалған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!