Қызылорда облысында биылғы жылдың бірінші тоқсанында туберкулез ауруының 97 жаңа жағдайы тіркелді. Оның 94%-ы өкпе туберкулезі, сондай-ақ 50%-нда туберкулездің жұқпалы, яғни ашық түрі анықталды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 17%-ке жоғары.

Індетке шалдыққандардың 70%-і әлеуметтік белсенді топтар, яғни 18-64 жас аралығындағы тұрғындар сырқаттанған.

Кәсіби құрамы бойынша жіктейтін болсақ, жұмыссыздар-38, зейнеткерлер-24, мектеп оқушылары мен студенттер-7, қалғаны басқа контингенттер үлесінде.

Тәуекел тобындағы контингенттердің флюрографиялық тексеруден уақытылы өтпеуінің, аурудың бастапқы клиникалық белгілері байқалса да, медициналық көмекке кеш жүгінуінің салдары туберкулездің ауыр ағымда өтуіне әкеп соқтырады. Жыл басынан бері ересектер арасында туберкулездің 1 асқынған түрі және 3 өлім жағдайы тіркелді. Туберкулез ошақтарына, қарым-қатынаста болған адамдарға эпидемиологиялық бақылау, зерттеу, ауру көзін анықтау шаралары медицина ұйымдары мамандарымен бірлесіп жүргізілуде.

Соңғы 2 жылда коронавирус инфекциясының пандемиясы туберкулез індетіне қарсы тиісті профилактикалық шаралардың уақытылы жүргізілуіне кері әсерін тигізді. Туберкулезді анықтау сынамаларын қоюға және екпе жүргізуге қарсылық танытқандар саны артты. Бұл сәйкесінше туберкулез ауруының эпидемиологиялық ахуалының тұрақсыз болып қалыптасуына әсер етті.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының қызметкерлері денсаулық сақтау ұйымдары мамандарымен бірлесіп, санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізуде. Мектеп оқушыларының ата-аналарымен кездесіп, екпенің маңызы туралы түсіндірді. Нәтижесінде балалар арасында туберкулез ауруын ерте анықтауға мүмкіндік беретін манту сынамасымен және туберкулезге қарсы ревакцинация жұмыстарымен 6-7 жастағы балалар оптималды деңгейде қамтылды.

Ауа барлық адамға ортақ болғандықтан туберкулез бактериясын жұқтырудан ешкім қорғалмаған. Әсiресе балалар мен егде жастағылар үшiн өте қауiптi. Туберкулезбен ауыратын адаммен жақын қарым-қатынас жиi, әрi ұзақ болса, түрлi себептермен ағзаның қорғаныш күшi әлсірегенде туберкулез таяқшалары белсендiлiк танытып, аталмыш аурудың қозуына себепшi болады.

Бүгiнде ауру ерте анықталып, емдеу шаралары уақытылы жасалған жағдайда туберкулезден толық сауығып шығу мүмкіндігі дәлелденген.

Туберкулездің алдын алудың тиімді әдісі –профилактикалық медициналық тексеруден өту.Туберкулез рентгенологиялық әдіспен анықталады, яғни кеуде қуысын флюорорграфиялық жәнерентгенологиялық тексеруден өткізу. Ал балалар арасында туберкулезді анықтаудың маңызды әдісі-туберкулин сынамасын қою. Туберкулин диагностикасы 12 айдан бастап 14 жасқа жеткен тәуекел тобындағы балаларға Манту сынамасын қою арқылы жүргзіледі.

Манту сынамасын бұрынғы қойылған сынамалардың нәтижесіне қарамастан жылына бір рет қояды. Ол БЦЖ вакцинасын егу мен қайта егу контингентін іріктеу мақсатында жасалады. Балалар үшін БЦЖ вакцинасын егу еңалдымен туберкулез менингиті, ауыр түрдегі аурулардың таралуынан қорғайды. Алғашқы екпені жаңа туылған бала перзентханада 0-4 күн ішінде алады. БЦЖ ревакцинациясы тек дені сау, қойылған Манту сынамасы теріс болған 6-7 жастағы балаларға жүргізіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!