Қызылорда қаласындағы «Sevenbro» коворкинг орталығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ұйымдастыруымен ветеринариялық фельдшерлерге арналған бір күндік оқыту тренингі өтті.

Аталған шара ветеринар мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, жануарлардан алынатын биологиялық үлгілермен (қан, тін, т.б.) тиімді және қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге бағытталды.

Тренинг барысында қатысушыларға биологиялық материалдарды дұрыс алу, сақтау және тасымалдау ережелері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, заманауи зертханалық әдістер мен қолданылатын құрал-жабдықтар таныстырылып, олардың тәжірибедегі маңыздылығы атап өтілді.

Іс-шараның практикалық бөлімі Қызылорда қаласындағы «Ақ барыс» мал сою пунктінде ұйымдастырылып, қатысушылар нақты жұмыс жағдайында білімдерін іс жүзінде пысықтауға мүмкіндік алды.

Мұндай тренингтер ауыл шаруашылығы жануарлары арасында таралуы мүмкін жұқпалы аурулардың алдын алу, дер кезінде диагноз қою және тиімді күрес жүргізу шараларын күшейтуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, ветеринариялық қызмет сапасын арттыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ықпал етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!