Қоғамдық бақылау – халыққа қызмет көрсететін мекемелердің жұмысын жақсартып, шынайы мәселелерін анықтаудың маңызды жолы. Осы мақсатта Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков бастаған топ қаладағы бірқатар медицина ұйымдарына арнайы барып, ахуалымен танысып қайтты. Мониторинг барысында тек ғимараттардың сыртқы жағдайы ғана емес, ондағы қызметкерлердің, науқастардың қажеттіліктері мен ұсыныстары да тыңдалды.
Облыстық тері-венерология диспансері толық жөндеуге сұранып тұр
Мониторингтің алғашқы нысаны – облыстық тері-венерология диспансері болды. Бұл мекеме – тәулік бойы жұмыс істейтін, халықтың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқаратын орын. Дегенмен мекемеде бірқатар күрделі мәселелер бар екені байқалды.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексерісі барысында ғимаратқа толық капиталды жөндеу қажеттігі анықталған. Әсіресе асхана жағдайы сын көтермейді. Ол ескірген, қазіргі санитарлық талаптарға сай емес. Диспансер тәулік бойы жұмыс істегендіктен, ғимарат 1975 жылы пайдалануға берілгендіктен, ішінде газ қондыруға рұқсат етілмеген. Сондықтан дәрігерлер мен науқастарға сапалы тамақ ұйымдастыру үшін артқы алаңға бөлек заманауи асхана мен кір жуу цехын салу ұсынылады.
Бұл жағдайды облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков бұл мәселені назарға алып:
– Тәулік бойы жұмыс істейтін мекеменің ішкі жағдайы талапқа сай болуы міндетті. Асхана мен кір жуу орны бөлек ғимарат ретінде салынса, қызмет сапасы артады. Бұл – тек тұрмыстық мәселе емес, ол тікелей халық денсаулығына әсер ететін фактор. Біз бұл ұсыныстың шешімін табуына бар күшімізді саламыз, – деді.

Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының салынғанына 65 жыл болған
Бұдан кейін қоғамдық кеңес мүшесі облыстық АИТВ инфекциясының алдын алуорталығында болды. Бұл мекеме күндізгі стационар режимінде амбулаториялық көмек көрсетеді. Жұмыс бірқалыпты, алайда ескіғимараттың соңғы рет күрделі жөндеуі осыдан 13 жыл бұрын жасалған. Бас дәрігер Ләйлә Кенжебайқызы мекемеде одан өзге айтарлықтай проблема жоқ екенін жеткізді.
Осыған орай Нұрбек Дәуренбеков:
– Көп жағдайда осындай мекемелердің ғимаратына уақытылы көңіл бөлінбейді. Ал жөндеу жұмыстары кешіккен сайын, шығын да артады, қиындық та көбейеді. Денсаулық саласында профилактикалық жұмыс негізгі бағыттардың бірі болғандықтан, бұл орталықтың да жағдайы назардан тыс қалмауы тиіс, – деп пікір білдірді.

Қызылорда қалалық орталық емханаға КТ, МРТ аппараттары қажет
Қалалық орталық емхана – тұрғындарға алғашқы медициналық көмекті көрсететін ірі мекемелердің бірі. Мұндағы басты мәселе – МРТ және КТ аппараттарының қолжетімсіздігі. Байқағанымыздайбұл жабдықтарға деген қажеттілік қала тұрғындарына күнделікті айқын сезілуде, себебі тұрғындар диагностика алу үшін ұзақ кезекте тұруға мәжбүр. Осыған байланысты емхана облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті өтінішті жолдаған.
Бұл ұсынысты партия өкілдері де орынды деп тапты. Осыған орай Нұрбек Дәуренбеков атап өтті:
– МРТ мен КТ – заманауи медицинаның негізгі құралдарының бірі. Диагностиканың кешігуі кейде ауруды асқындырып, адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай құрылғылардың қолжетімді болуы – басты талап. Бұл мәселе күн тәртібінде тұруы тиіс, біз оның шешімін табуды қадағалаймыз, – деді.
Облыстық психикалық денсаулық орталығын заманауи зертханамен жабдықдау қажет
Мониторингтің келесі нысаны – облыстық психикалық денсаулық орталығы. Оның негізгі ғимараты Тасбөгет кентінде орналасқан. Алайда бұл нысанға толық капиталды жөндеу қажет. Қазіргі таңда қала орталығындағы ғимаратта да қызмет көрсетіліп отыр.Мұнда көтерілген ең маңызды мәселе – заманауи зертхана кабинетін жабдықтау қажеттігі. Қызметкерлердің айтуынша, зертханалық талдаулардың сапасы орталықтың қызмет көрсету деңгейін тікелей айқындайды.Осы орайда Нұрбек Дәуренбеков:
– Психикалық, наркологиялық денсаулық мәселесі – қоғам үшін өте нәзік әрі күрделі сала. Бұл жерде әрбір жағдайға мұқият қарау керек. Зертхана жұмысын күшейту арқылы тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасы артады. Сондықтан жаңа зертхана кабинеті – шын мәнінде қажеттілік, – деп бағалады.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Сағатұлының облыс орталығында жасаған қоғамдық мониторингі барысында медицина мекемелерінде ортақ әрі өзекті мәселелердің қатарында ғимараттардың тозуы, күрделі жөндеудің уақыты ұзарып кетуі, заманауи жабдықтардың жетіспеуі сияқты түйткілдерді анықтады.Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі бұл ұсыныстарды жинақтап, жауапты органдарға жеткізуді және қоғамдық бақылауда ұстауды міндетіне алды.
Е.СӘРСЕНҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!