Бүгінгі күні облыста қызылша ауруының жұқтыру көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылдың қараша айында ауруға шалдығудың 501 дерегі тіркелген болса, желтоқсан айында ол көрсеткіш 474 жағдайға дейін төмендеген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет хабарлады.
– Қызылшаға қарсы вакцинациялау жұмыстарының нәтижесінде, өңірімізде аурушаңдық деңгейі біршама азайды. Дегенмен, екпе егу науқаны тұрғындар арасында тоқтамайды. Әсіресе, 1 жасқа дейінгі және одан жоғары балалардың қызылшаға қарсы екпе қабылдағаны өте маңызды. Сондықтан ата-аналарға айтарымыз, аурудың алдын алуға және иммундық жүйені қалыптастыру үшін уақытылы екпе алуға шақырамыз, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
2023 жылдың 6 қарашасынан бастап бүгінге дейін 56 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпе қабылдаған. Осының арқасында ұжымдық иммунитет қалыптасып келеді.
– Аймағымызда эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, вирус айналымын әлсірету үшін әлі де тиісті контингент екпемен қамтылуы керек. Қазір өңірдегі барлық емханаларда қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстары жалғасып жатыр. Екпе қабылдаған азаматтарда асқыну жағдайлары орын алған жоқ. Тағы бір айта кететін жайт, ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір бала 12-15 айлығында және 6 жасында жоспарлы түрде қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцина алуы қажет. Сақтық шараларына салғырт қарамай, екпе алу арқылы аурудан қорғануға атсалысайық, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!