Фото: freepik.com

Тұзды сумен тамақты шаю қабынуды азайтып, тыныс алуды жеңілдетуге көмектеседі. Алайда оның тиімділігі ерітіндінің дұрыс дайындалуына тікелей байланысты. Бұл туралы отоларинголог Гүлзира Әлібекқызы Jibek joly телеарнасының Бүгін LIVE бағдарламасында айтты, деп хабарлайды KAZINFORM.

– Дұрыс дайындалған тұзды су тамақтағы қабынуды бәсеңдетіп, вирус пен бактериялардан жиналған шырышты азайтады. Нәтижесінде тыныс алу жеңілдеп, жөтелдің басылуына ықпал етеді, – деді маман.

Сондай-ақ дәрігер паротит пен қызылшаның жоғарғы тыныс жолдарының жұқпалы аурулары екенін еске салды. Бұл дерттер ауа-тамшы жолымен тарайды. Қоғамдық иммунитеттің жеткілікті деңгейде қалыптаспауынан аталған инфекциялар кеңінен таралып жатыр.

– Бұл аурулардың асқынуы аз емес. Қызылша мен паротит ми қабынуын, ісінуін тудыруы мүмкін. Соның салдарынан жүйке жүйесі зақымдалып, есту қабілеті созылмалы түрде төмендеуі, тіпті толық жоғалуы ықтимал, – деді ол.

Дәрігер құлақ күтіміне қатысты да маңызды ескертулер жасады. Оның сөзінше, күнделікті қабылдауға құлағын түрлі заттармен тазалайтын науқастар жиі келеді.

– Құлақты шұқылап тазалаудың қажеті жоқ. Құлақ өздігінен тазарады сөйлегенде, шайнағанда төменгі жақтың қозғалысы арқылы тазалану жүреді. Ал таяқша немесе сіріңке қолдану керісінше жарақаттап, асқынуға әкелуі мүмкін, – деді маман.

Оның айтуынша, балаларға алты айда бір рет, ересектерге жылына бір рет профилактикалық тазалау жеткілікті. Ал үй жағдайында өз бетімен тазалау ұсынылмайды.

Құлаққап қолдану ережелеріне тоқталған Гүлзира Әлібекқызы күніне бір сағат тыңдаған жағдайда әр 10–15 минут сайын үзіліс жасау қажеттігін айтты. Сонымен қатар дыбыс деңгейін 50 пайыздан асырмау керек. Себебі қатты дыбыс есту жүйкесіне шамадан тыс қысым түсіріп, есту қабілетінің төмендеуіне әкеледі.

Есту қабілетінің жасқа байланысты өзгеруіне қатысты маман пресбиакузис деп аталатын физиологиялық үдеріс әдетте 60 жастан кейін басталатынын атап өтті.

– Бұл кезде екі құлақта бірдей естудің төмендеуі байқалады. Алайда артериялық қысым, қант диабеті секілді созылмалы аурулары бар адамдарда бұл өзгерістер ертерек дамуы мүмкін, – деп түйіндеді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!