Қызылорда облысы бойынша қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақтануда. 2023 жылдың қараша айында ауруға шалдығудың 500 дерегі тіркелген болса, желтоқсан айында 474 жағдай анықталды. Ал 2024 жылғы қаңтар айында 366 дерек тіркелді, яғни төмендеу тенденциясы байқалады.
Бұл ретте қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқанының тиімділігін көруге болады. 2023 жылдың 6 қарашасынан басталған бұл шара аясында бүгінгі күні 66893 адам ауруға қарсы екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптасып келеді. Дегенмен эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, вирус айналымын әлсірету үшін әлі де тиісті контингент екпемен қамтылып, қорғаныш қабілетін нығайту керек. Қазір аймағымыздағы барлық емханаларда қызылшаға қарсы қосымша иммундау жалғасуда. Екпеден кейінгі асқыну жағдайлары орын алған жоқ.
Сондықтан Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарды 6-11 айлық сәбилерін, 2-5 жас аралығындағы балаларын ауруға қарсы егуге шақырады. Бұдан бөлек, Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір бала 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцина алуы қажет.
Эпидемиологиялық мониторинг қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмағандығын көрсетіп отыр, бұл өз кезегінде қызылша инфекциясынан сақтанудағы екпенің қажеттілігін тағы бір дәлелдеді. Халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау барысы әлсіреп, екпеден бас тартушылар саны артқан жағдайда ұжымдық иммунитет бәсеңдей түседі, сәйкесінше ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында: екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар.
Сондықтан сақтық шараларына салғырт қарамай, екпе алу арқылы аурудан қорғануға болатындығын ұмытпаңыз.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!