Қазір қызылша деңдеп тұр. Ел бойынша статистика көңіл көншітпейді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 4825 адамның аталған дертті жұқтырғаны белгілі болды. Өкініштісі, балалар арасында кесел өршіген. Ал мамандардың айтуынша, қиындықтан шығудың бірден-бір жолы – вакцина.
– Қазір Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша қызылша ауруының өршігені байқалады. 1-6 жаста осы қызылшаға қарсы вакцина алу керек. Егер 10 адамның ішінде 9 адам вакцина алмаған болса, ауру асқынады», – дейді Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Әсемгүл Абатова.
Инфекция ауа жолы арқылы тарайды дейді маман. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Оның тез тарайтыны соншалық, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлары да белгілі. Инфекция көзі – науқас адам. Ол айналасына инкубациялық кезеңнің 2-күні, бөртпелер шыққаннан кейінгі 4-күнге дейін қауіпті. Ал 5-күнгі бөртпелері бар адам жұқтырмайды деп саналады. Ал дертті артта қалдырғандар өмір бойы иммунитет сақтайды. Қызылшамен ауырған анадан туған бала 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта оның қанында аналық антидене сақталады екен.
Сөзімізді жалғау үшін облыстағы ахуалды тарқатсақ. 6 қарашадан бастап 1 жасқа толмаған балаларға қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстары жүрген. Ал 2-4 жас аралығындағы балаларға екпе егу 5-інші желтоқсанда басталады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдар шұғыл вакцинацияланатынын және медициналық бақылауға алынатынын алға тартты. Сонымен қатар тұрақты тіркелмеген, қызылшаға қарсы екпе дерегі жоқ азаматтар келісім бойынша иммундалады. 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері де ем алады. Сараптап қарасақ, республика бойынша облыс аурушаңдық деңгейінде 6 орынға тұрақтаған. Бірақ дәл осы қарқын өршісе, алға шығу ықтималдылығы жоғары. Сол себепті алдын алу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы және жергілікті атқарушы бірлескен жұмысты қолға алған. Жақында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанованың төрағалығымен штаб отырысы өтіп, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері пысықталды. Сондай-ақ облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеруді ұсынды.
«Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар қосымша ауру болған жағдайда асқыну өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек. Бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақытылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеу керек», – деді департамент басшысы Динара Жанабергенова.
– Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі екпе алмағандар болып отыр, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 67%-ын құрады. Мәселен, жыл басынан бері облыста лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 708 жағдайы тіркелген. Науқастардың 611 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталса, 163-i 1 жасқа толмаған сәбилер арасында, 97-сi ересек арасында анықталып отыр. Аурудың белгілері – дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынады және теріде бөртпелер пайда болады, – деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова.
Қорыта айтқанда, қызылшаға қарсы вакцинация сізді және сіздің балаңызды аурудан қорғайды. Профилактика басты орыннан түспеу керек.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!