Ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі – маңызды әлеуметтік мәселе. Осыған орай, Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылындағы медициналық қызметтің жай-күйін зерттеу мақсатында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ерғазы Қожақов «Қызылжарма» дәрігерлік амбулаториясына арнайы барып, жұмысымен танысты.

Бұл мекемеде медицина қызметкерлері және ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, амбулаторияның қазіргі жағдайы және  тағы басқа мәселелер талқыланды. Қазіргі таңда дәрігерлік амбулаторияда 10 000 астам тұрғын тіркелген, медициналық қызметті 6 дәрігер көрсетуде. Арнайы есепте тұрған азаматтарға тегін дәрі-дәрмек белгіленген тәртіпке сәйкес беріледі.

Кездесу барысында ауылдық денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтқанда, жедел жәрдем қызметінің қолжетімділігі, шақыртуларға уақытылы жету, медициналық көліктердің техникалық жағдайы, қызметкерлердің жеткіліктілігі талқыланды. Тұрғындар тарапынан көз, құлақ және тіс дәрігерлерінің жоқтығы ең өзекті мәселе ретінде көрсетілді. Бұл жағдай тұрғындардың тиісті медициналық көмекке қолжетімділігін шектеп отыр, кейбір азаматтар тексерілу үшін қалаға баруға мәжбүр.

Сонымен қатар амбулатория орналасқан ғимарат тар, қабылдау кабинеттері аз. Халық санының артуына байланысты медициналық қызметке сұраныс өсіп, науқастар арасында кезектер қалыптасуда.

Қызылжармадағы дәрігерлік амбулаторияның ахуалы талқыланды

Осыған байланысты, ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету мақсатында амбулатория ғимаратын кеңейту немесе қосымша жаңа нысан салу, сондай-ақ көз, құлақ және тіс дәрігерлерін қамтамасыз ету мәселесін қарастыру қажет. Сонымен қатар медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтып, қосымша кабинеттер ашу арқылы қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға болады.

Ал халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін ең алдымен медициналық мекемелердің жағдайы талапқа сай болуы қажет. Заманауи талаптарға сәйкес салынған немесе жаңартылған ғимараттар тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Кең әрі қолайлы кабинеттер, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған бөлмелер, заманауи медициналық техника – мұның барлығы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігіне оң әсер етеді.

Жаңарған медициналық мекемелер дәрігерлердің де жұмысын жеңілдетіп, науқастарды қабылдау үдерісін жүйелі ұйымдастыруға жағдай жасайды. Әсіресе қабылдау кабинеттерінің жеткілікті болуы, зертханалық және диагностикалық бөлмелердің талапқа сай жабдықталуы тұрғындардың уақытын үнемдеп, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады.

Тұрғындардың денсаулығы – қоғамның басты байлығы. Сондықтан медициналық мекемелердің инфрақұрылымын дамыту, ғимараттарын жаңарту және материалдық-техникалық базасын нығайту – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудің маңызды шарттарының бірі. Жаңарған ғимараттар мен заманауи мүмкіндіктер денсаулық сақтау саласының дамуына және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді. Сол себепті, көтерілген мәселелерді шешу және амбулаториядағы қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар партия филиалының басты назарында болады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы
Қызылорда облыстық филиалының баспасөз бөлімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!