Фото: ашық дереккөзден
Адам баласының алға қойған мақсатының ішіндегі маңыздысы, мәндісі – оның мамандығы. Бүгінде арман қуып, алды- на қойған мақсатқа жету жолын- да тынбай еңбек ететін жас буынды көргенде қуанышты күй кешемін. Себебі мен де өзімнің арманыма жете білген маманның бірімін.
Менің бала көңілімде өзінің парасатты болмысымен сақталып қалған құрметті адам болса, ол дәрігер еді. Кішкентайымнан бастап әжемнің қан қысымын өлшеп, дәрісін уақытылы беруге дағдыланған соң әжем мені «дәрігерім» деп атайтын. Сол сөздері мені алға жетелеп, медицина саласын таңдадым. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін медицина университетінің студенті атану мен үшін үлкен жеңіс болды. 2018 жылы реабилитация тар бейінді мамандығын алғашқылардың бірі болып алдым. Содан бері үлкенді-кішілі ерекше күтімді қажет ететін адамдарды оңалту бағытында дәрігер – реабилитолог маман ретінде қалтқысыз қызмет етудемін. Тамшыдай болса да ерекше күтімді қажет ететін адамдарға шипалы ем беріп, бүгінде талай адамдардың алғысына бөленген сәтім ол менің таңдаған мамандығымнан қателеспегенім.
Қазір біздің елде енді дамып келе жатқан медицина саласының бірі – реабилитация. Денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған медициналық реабилитацияға деген сұраныс күннен күнге арту үстінде. Себебі тірек қимылы бұзылған балалар мен реабилитациялық емді қажет ететін мүгедектігі бар азаматтар аз емес. Сыр өңірінде ауқымды қызмет атқаратын балалар орталығында бүгінде тірек- қимыл қозғалысы бұзылған (туа біткен церебральді салдану, ауруының спастикалық гиперкенездік, диплегиялық, т/б) сал ауруына шалдыққан, тіл мүкістігі бар балалар бар. Осы орталықтың ішінде тірек қимылы бұзылған бүлдіршіндерге арнап оңалту бөлімі жұмыс істеуде. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды әлеуметтендірумен қатар оларға реабилитациялық оңалту жұмыстарын жүргізу барысында пациенттердің денсаулығы жақсарып жақсы нәтижеге қол жеткізген күндерім де болды. Сондықтан ерекше бала тәрбиелеп отырған ата- ананың қуанышын және баланың жаңа өмірге қадам басқандай кейпін көру мен үшін ол үлкен бақыт.
Бақытымның кілті ол өзімнің тандаған мамандығымнан қателеспегенім және маған сенім артқан кішкене баланың үміті деп білемін. Ерте оңалту – жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан денсаулыққа аса мұқият болып, тірек қимылы бұзылған ерекше адамдар реабилитациялық емге аса мән беріп, жауапкершілікпен қараса нәтижелі жұмыс болар еді. Ал дәрігердің мойнына үлкен жүк артылады. Себебі адам жанының арашасы – дәрігер. Өзімнен кейінгі жас буын – медицина саласының өкілдері басқаларға үлгі боларлықтай жұмыс істеп, өз қызметін бар мейіріммен атқару керек екенін ұғынса, ел медицинасы жақсы дамиды деген сенімдемін.
Айжан АЙМАҒАНБЕТОВА,
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар
орталығының реаблитолог-дәрігері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!