Ресейде Тайландтан оралған 2 азаматтан маймыл шешегі зертханалық түрде расталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Санкт-Петербург пен Ленинград облысы бойынша Роспотребнадзордың өңіраралық басқармасының мәліметіне сәйкес, инфекция Тайландқа жасалған туристік сапардан кейін анықталған. Қазіргі уақытта 2 науқас та жұқпалы аурулар стационарына жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған. Олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.

Ведомство дерегіне сүйенсек, науқастармен байланыста болған адамдар жедел түрде анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынған. Эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп, індеттің әрі қарай таралуына жол бермеу үшін қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар толық көлемде ұйымдастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Мәскеу облысында маймыл шешегінің 3 жағдайы тіркелген. Оның 1-і сауығып, ауруханадан шығарылса, 2 науқас Домодедово қаласындағы медициналық мекемеде ем қабылдауды жалғастырып жатыр.

Роспотребнадзор мәліметінше, қазіргі таңда эпидемиологиялық ахуал қатаң бақылауда. Дегенмен инфекцияның Ресей аумағына сырттан әкеліну қаупі сақталып отыр. Мамандар туристік сапарлардан кейін денсаулық жағдайына мұқият болуға шақырады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!