Медицина саласында 53 жылдық тәжірибесі бар, сала ардагері Сағындық Шәмшиев халықтың індеттен сақтануы өз деңгейінде емес деген пікірде. Бұл туралы ардагер Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мәлімдеді.
Індет өршіген кезеңде тығылып той жасап, мерекелік жиындарды азайтпай отырған тұрғындардың сақтық шараларына да салғырт қарап, аурудың алдын алуға келгенде нұмқұрайдылығы басым деген ардагер қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың орындалмауы індеттің көбірек таралуына мүмкіндік беріп отырғандығын атап өтті.
«Вакцинаның тиімділігін жоққа шығарып жүргендер өз-өзіне, жақындарына, айналасына, қала берді қоғамға жаны ашымайтын адамдар. Маман ретінде айтарым екпе алудан қорқудың еш қажеті жоқ. Осы жасқа келіп мен де вакцина алдым. Денсаулығым жақсы. Індетті жеңеміз десек вакцина алайық. Әрине вакцина індеттің 100 пайыз емі болмайды. Бірақ аурудың жеңіл өтуіне 90 пайызға ықпал етеді», – деді Сағындық Шамшиев.
Брифингте білім саласының ардагері Мылтықбай Байымбетов те тұрғындарды барынша санитарлық талаптарды сақтап, індеттен қорғануға шақырды. Ардагер ұстаз індеттің өршуіне бей-жай қарап, вакцина туралы түрлі алып-қашпа сөзге еретін азаматтардың әрекетін сынға алды.
«Соңғы күндері індеттің балалар арасында таралу көрсеткішін ескеріп, біз қазір балғындарымыздың денсаулығына көбірек алаңдауымыз керек. Жаңа оқу жылы таяп қалды. Сондықтан сала ардагерлері білім беру ұйымдарындағы санитарлық талаптардың сақталуын басты назарға алудамыз. Бұл ретте педагогтармен қатар ата-аналар да жауапкершілікті сезінсе. Жақындарымызға жанашыр болып, айналдамыздың амандығын ойлап, екпе алудың маңыздылығын ұғынайық», – деді Мылтықбай Мұстафаұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!