Алматыдағы Сайран көліне түсуге тыйым салынды. Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, аталмыш көлден алынған сынамалардың нәтижесінде лак-позитивті ішек таяқшаларының нормадан асып кеткені анықталған. 

Осыған байланысты Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің хатына сәйкес және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) нұсқауымен су қоймасынан суды толық көлемде жіберу туралы шешім қабылданды.

«Суды толық ағызып жіберуге 2-3 күн кетеді. Алматылықтар мен қала қонақтарын алдағы күндері суға түспеуге шақырамыз», – делінген хабарламада.

Ластану көзін анықтау және тиісті шараларды қабылдау үшін аудан әкімдіктерінің (Алмалы, Әуезов), полиция бөлімінің, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімдерінің, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен экологтар арасынан жұмыс комиссиясы құрылды.

СЭБД мәліметі бойынша бұл кезеңде резервуар түбін биологиялық және химиялық тазалаудың қосымша арнайы әдістері қажет емес. Ластану көзі анықталып, арнайы комиссия жұмысы аяқталған соң Сайранға су қайта толтырылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!